Қазақстан халқына достық пен бейбітшілік тілеймін - Тәжікстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

АСТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан халқына достық пен бейбітшілік тілеймін. Бұл тілекті бүгін ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған елордадағы «Қазақ елі» монументінің алдындағы әскери шеруден кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Тәжікстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахром Холназаров білдірді.

Қазақстан халқына достық пен бейбітшілік тілеймін - Тәжікстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

«Барлық қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтаймын. Қазақстан халқына дәл осындай достық пен бейбітшілікте өмір сүруін және сіздердің мемлекеттеріңіздің жылдан жылға қарқынды дамып, бұдан да қуатты бола түсуін тілеймін», деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар ол таяуда Қазақстанға Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифидің ресми сапармен келіп, қазақ Үкіметімен екі жақты сауда-экономикалық қатынастардың даму мәселелерін талқылағандығын айта келіп, «Қазақстан мен Тәжікстан арасында шешілмейтін мәселе жоқ. Біз әрқашанда да бір-бірімізді қолдаймыз. Қазіргі таңда Қазақстан Тәжікстанға мол қолдау көрсетіп отыр», деп қорытты сөзін Тәжікстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.