«Қазақстан халқына» қоры Қостанай облысына 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының гуманитарлық көмегі Қостанай облысына жеткізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған онлайн шарада «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Яалматинец» қоғамдық бірлестігінің бірлескен жетекшісі Саида Тәукелева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқына» қоры Қостанай облысына 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді

«Қостанай облысындағы төтенше жағдайға байланысты алдынкүннен бері шұғыл түрде гуманитарлық көмекті жинауды бастағанбыз. Кеше 40 тонна гуманитарлық көмек Нұр-Сұлтаннан Қостанай қаласына жөнелтілді. Бүгін біз Қостанай қаласына ұшып келдік. Ары қарай гуманитарлық көмекті түсіріп, оны тарату үшін тиісті локацияға баратын боламыз» - деді спикер.

Сонымен бірге Саида Тәукелева «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына келіп түсетін өтінімдер туралы айтып берді.

«Бастапқы кезде қордың жұмысына қатысы жоқ өтінімдер келіп түсетін. Мысалы, несиені жабуға көмектесу, тіпті, той өткізуге ақшалай көмектесу туралы болған. Ал қазір шетелдегі қымбат емделулер бойынша өтінімдер көп түседі. Айта кетейін, ондай мәселелер қормен қарастырылмайды. Сондай-ақ, қымбат емделуді Қазақстан аумағында жасау қажет болса да, ондай өтінімдер қарастырылмайды. Себебі, мұнда көптеген нюанс пен заң нормативтері бар», - деді Саида Тәукелева.

Айта кетейік, бұдан бөлек бүгін алматылықтар Қостанайда өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындарға 2 жүк көлігімен 120 тонна гуманитарлық көмек жіберді.

«Қаламыздың күшімен барлығы 120 тонна көмек жиналды, оның ішінде азық-түлік, киім-кешек, бірінші кезекте қажетті заттар, сондай-ақ тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және арнайы жабдықтар (бензин генераторлары, құрылыс құралдары және тағы басқалар)»,- деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Сондай-ақ, Алматыда тағы 4 жүк көлігін жөнелтуге дайындап жатыр.