«Қазақстан халқына» қорының тұжырымдамасы жаңартылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жаңартылған тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының айтуынша, ұйым жұмысын жетілдіре түсу мақсатында биыл 1 шілдеден бастап 1 173 үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен 43 жиын өткен. Оларға жергілікті атқарушы органдар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері қатысып, 592 ұсыныс айтылды.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қызметінің неғұрлым өзекті бағыттары бойынша үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын зерделеу мақсатында 18 шілде мен 31 тамыз аралығында онлайн-сауалнама жүргіздік. Сауалнама арнайы платформада жүргізіліп, оған 1 041 респондент қатысты. Нәтижесі біздің сайтта жарияланды. Сонымен қатар, барлық мүдделі тараптардың ұстанымдарын анықтау үшін қор донорлары кешенді зерттеу жүргізді. Донорлардың ұсыныстары қордың жаңартылған тұжырымдамасында көрсетілген», - деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев ұйымның елордада өтіп жатқан қорытынды отырысында.

Оның айтуынша, тұжырымдаманы жаңартуға Мемлекет басшысының биыл 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында «Қазақстан халқына» қорын құру туралы берген тапсырмасы негіз болды.

Жаңартылған тұжырымдамаға сәйкес, қор қайырымдылық саласына ірі жеке капиталдың тұрақты ағымын қамтамасыз ететін донорлық пен қайырымдылық экожүйесінің драйвері атануы тиіс.

Осы орайда, қоғамдық сектор ұйымдарының көмегімен қайырымдылық бағдарламасы әзірленіп, іске асырылады. Сондай-ақ, отандық мамандар мен өндірушілерді қолдауға басымдық беріледі.

«Қазақстан халқына» қоры әлеуметтік маңызды нысандарды материалдық-техникалық жабдықтау бойынша көмек көрсетуді жалғастырады. Сонымен қатар, ресми және бейресми білім беруді кеңейтуге жәрдемдесуге, халыққа әлеуметтік қызметтер көрсетудің қолданыстағы жүйелерінің, құралдары мен үдерістерінің тиімділігін арттыруға қатысады.

Одан бөлек, қор әлеуметтік инновацияларды қолдау және енгізу, көмекке мұқтаж жекелеген азаматтарды мақсатты демеу және төтенше жағдайлар кезінде кешенді көмек көрсету қызметін одан әрі жалғастырады.


Соңғы жаңалықтар