Қазақстан халқының 74 пайызы қазақ тілін меңгерген - ҚР Статистика агенттігі

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан халқының 15 және одан үлкен жастағыларының арасында қазақ тілін меңгергендердің үлесі 74 пайызды құрайды

Қазақстан халқының 74 пайызы қазақ тілін меңгерген - ҚР Статистика агенттігі

Дегенмен Қазақстанда тұратын жекелеген этностар өзінің ана тілі ретінде өзге ұлттардың тілдерін атаған. Мәселен, украиндардың, немістердің, белорустардың, поляктардың, кәрістердің және татарлардың 49 пайыздан астамы өз тілдерін ана тілдері ретінде көрсетпеген.

Бүгін бұл жөнінде 2009 жылғы ҚР Ұлттық халық санағының нәтижелеріне арналған брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Агенттік төрағасының айтуынша, олардың басым бөлігі өздерінің ана тілі деп орыс тілін атаған.

2009 жылғы ҚР Ұлттық халық санағын жүргізу барысында тұрғындарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерулері туралы сұрақтар қойылған.

«Тұтастай ел бойынша, 15 және одан үлкен жастағы халық арасында қазақ тілін меңгергендердің үлесі 74 пайызды құрады, қазақ тілін меңгермегендер үлесінің көбеюі орыстар, өзбектер, украиндар, ұйғырлар, татарлар, немістер мен беларустар арасында байқалды. Орыс тілін жоғарыда аталған этностардың 90 пайызы біледі»,- дейді Ә. Смайылов

Ал ағылшын тілін меңгермегендердің қатарында қазақтар, орыстар, ұйғырлар және татарлар басым.