Қазақстан халқының 94 пайызы Елбасының Президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумнан хабардар - сауалнама
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан халқының 94 пайызы Елбасының Президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумнан хабардар. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында «InfoSystem» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының басшысы Жанар Боқанова мәлім етті.
Қор басшысының айтуына қарағанда, барлық сұрақтар үш топқа бөлінген. Бірінші топта елдегі әлеуметтік-саяси ахуал, екінші топта жалпы билік пен мемлекеттік органдардың қызметіне, ал соңғы топта Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумға халықтың көзқарасы бағаланған.
«Елдегі әлеуметтік ахуалды және өзінің тұрмыс жағдайын оң деп санайтындардың саны басым екендігін айтуға болады. Нақтылайтын болсақ, респонденттердің 87 пайызы елдегі ахуалды қолайлы және тыныш деп бағалайды. Әлеуметтік қанағаттанушылықтың да деңгейі жоғары, ол 78 пайызды құрайды. Сонымен қатар экономикалық ахуалды да зерттеуге қатысқан респонденттердің 82 пайызы оң бағалады», - деді ол.
Оның айтуынша, екінші топ бойынша сауалнамаға қатысқан азаматтардың 92 пайызы Мемлекет басшысының қызметін өте жоғары бағалаған. Үкімет пен Парламент қызметі де оң сараланған, дегенмен халықтың қанағаттанушылық деңгейі сәл төмен болып отыр. Сондай-ақ қазіргі уақытта қоғамда Президенттің, орталық және жергілікті органдардың, «Нұр Отан» партиясының қызметі мен бастамаларын халықтың қолдау көрсету деңгейі өте жоғары.
«Тұрғындардың Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум туралы хабардарлығы - 94 пайыз. Бұл өте жоғары баға», - деді Ж.Боқанова.
Айта кетейік, 2010 жылдың 25 желтоқсаны мен 2011 жылдың 17 қаңтары аралығында «InfoSystem» зерттеу орталығы Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси әл-ахуалының серпініне социологиялық зерттеулер өткізген болатын. Сауалнамаға еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар Алматы, Астана қалаларынан 18-54 жас аралығындағы 1600 адам қатысты.