Қазақстан халқының 96 пайызы ауыз сумен қамтылған – статистика

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2025 жылы Қазақстан халқы сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқының 96 пайызы ауыз сумен қамтылған – статистика

2000-шы жылдардан бастап азаматтарымызды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша түрлі бағдарламалар арқылы жұмыс жүріп жатыр.

«Ауыз су», «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96,8%-ды құрады.

«Яғни елімізде жалпы халық саны 19,7 млн адам болса, соның 19,1 млн халқы сумен қамтамасыз етілген. Қалған 600 мыңдай азамат 2025 жылдың соңына дейін толыққанды ауызсумен қамтылады», - деді Ә. Пазылбекұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тұщы жерасты суының негізгі ресурстары (57%) оңтүстік аймақтарда шоғырланған.

Ал Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарында тұщы жерасты суының ресурстары шектеулі.

«Мұндай жағдай халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жоспарлау мен іске асыру кезінде бізге ерекше жауапкершілікті жүктейді, өйткені біздің алдымызда 2025 жылы сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл көрсеткішке «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде қол жеткізу жоспарланған. Жалпы, Су кодексіне сәйкес, біздің министрлік елді мекендер шегінде, ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі – топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды елді мекен шегінен тыс іске асырады. Бұл ретте Үкімет аппараты екі мемлекеттік органның жұмысын үйлестіреді. Қазіргі уақытта Президент тапсырмасына сәйкес жаңа Су кодексі жасалып жатыр, жыл соңына дейін Парламентке енгізу жоспарланған», - деді комитет өкілі.