Қазақстан халқының бірлігі күні мен үшін бірінші кезекте қазақтардың адамгершілігі - Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы
АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының бірлігі күні мен үшін бірінші кезекте қазақтардың адамгершілігі.
Бұл пікірді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мурат Тимурзиев білдірді.
1944 жылдан бері Қазақстанда мекен етіп келе жатқан ол талай зұлмат жылдарды бастан өткергендігін атап өтіп, қазіргі ұрпаққа тек бейбіт өмір тілейтіндігін баса айтты. «Менің туған жерім Ингушетия. Бізді 1944 жылы қазақ жеріне арнайы қоныс аударушылар ретінде алып келді. Сол уақыттан бер қазақ халқының жақсылығын көп көрдік. Сондықтан да мен үшін Қазақстан халқының бірлігі күні бірінші кезекте қазақтардың адамгершілігінің нышаны. Өйткені біз солардың арқасында аман қалдық. Олар бізді құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетті», - деді ол.
Сондай-ақ ол республикада өмір сүріп жатқан барлық халыққа бейбітшілік пен ынтымақтастықта өмір сүруіне тілектес екендігін білдіре келіп: «Біз үшін ең бастысы, Президент Нұрсұлтан Әбішұлының денсаулығы екендігін ұмытпайық. Біздер, шешендер үшін бұл бәрінен де қымбат», - деді М.Тимурзиев.