Қазақстан халқының бірлігі күнінде Астанада 70-ке жуық іс-шара өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 1 мамырда атап өтілетін Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 70-ке жуық іс-шара өткізіледі. ҚазАқпарат бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін барлық төрт ауданда, ашық алаңдарда мерекелік концерттер, спорт жарыстары, интерактивтер ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, 26 сәуір күні сағат 11:00-де Байқоңыр ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты мерекелік ақпараттық-тақырыптық кездесу ұйымдастырылады. Ал бір сағаттан кейін Сарыарқа ауданындағы осындай орталықта «1 мамыр – көктем мен еңбек мерекесі» атты концерттік бағдарлама басталады.
27 сәуірде Мұғалімдер аллеясында «Өнерлі қол — бақытқа жол» жобасы аясында кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сол күні сағат 11:00-де «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» концерттік бағдарламасын, ал «Қамқор» орталығы - «Бір шаңырақ астында» флешмобын өткізеді.
28 сәуірде елордалық Достық үйінде «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі елімізде тұрып жатқан барлық қазақстандықты біріктіретін күш» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді. Оған қаланың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысады.
Елорданың жоғары оқу орындарында бұл күні арнайы тақырыптағы тәрбиелік сағаттар, квиздер ұйымдастырылады.
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында сағат 11:00-де «Ынтымақ, бірлік, келісім - ең басты байлық ел үшін» концерттік бағдарламасы, «Үміт» дағдарыс орталығында - «Көңілді старттар» жарысы, «Жансая» орталығындабалаларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылады.
Сонымен қатар 28 сәуірде Esil University-де Қазақстан этностарының салт-дәстүрлеріне арналған конкурс, Е. Серкебаев атындағы №3 балалар музыкалық мектебінде «Менің елім - Қазақстан» концерті ұйымдастырылады.
Сәкен Сейфуллин мұражайы 28 сәуір мен 3 мамыр аралығында «Бақыт жолында» көрмесіне шақырады.
29 сәуірде Сарыарқа ауданының 25 жылдығына және Қазақстан халқының бірлігі күніне орай елорда тұрғындары арасында спартакиада өтеді. Жазушылар аллеясында этномәдени бірлестіктердің, мәдениет және білім беру объектілерінің қатысуымен мерекелік бағдарлама ұсынылады.
Түрлі іс-шаралар 1 мамырға жоспарланған. Сағат 11:00-де Жазушылар аллеясында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді. Ал Триатлон саябағында этномәдени бірлестіктер мен елшіліктердің өкілдері салтанатты түрде ағаш отырғызады. Мұнда көрме-жәрмеңке ұйымдастырылады.
1 мамыр күні «Бәйтерек» монументі мен қалалық алаңда сағат 12:00-де мерекелік іс-шаралар басталады. Қонақтарға арнап қала ұйымдарының шығармашылық ұжымдары, мемлекеттік академиялық филармония әртістері және отандық эстрада жұлдыздары өнерден шашу шашады. Іс-шаралар қаланың аула клубтарында, саябақтарда өткізіледі. Бұл күні елордада субұрқақтар іске қосылады.
Спорттық-бұқаралық іс-шараларды EXPO халықаралық көрме орталығы, «Ататүрік», «Көктал» саябақтары, «Қазақ елі» монументі маңында өткізу жоспарланған. Қала тұрғындары ұлттық спорт түрлері бойынша, оның ішінде асық ату, армрестлинг, арқан тарту және гір көтеруден жарыстарға қатыса алады.
Триатлон саябағында спортсүйер қауымды мерекелік марафон күтіп тұр.
Бұл күндері аудан әкімдіктерінде көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталады.