12:27, 30 Сәуір 2011 | GMT +5
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында Астанадағы Президенттік паркте 1 мың түп ағаш отырғызылды
АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан халқы бірлігі мерекесі қарсаңында Астанадағы Президенттік паркте 1 мың түп ағаш отырғызылды.

Оның ішінде 200 екпе шетен ағашы, 200 үйеңкі, 200 мойыл, 200 тал егілді.
Бұл шараға қаланың «Алматы» ауданының әкімі аппаратымен бірге 40-тан астам кәсіпорын мен мекеме атсалысты.
«Қаламыздың көгалдандырылуына өз үлестерін қосу үшін барлық мекемелер, барлығы 43 компания өздерінің ұсыныстарын жасап, бүгін Президенттік саябақта мың ағаш көшеттерін егуде. Кәсіпкерлеріміздің қаламыздағы ең үлкен саябаққа келіп ағаш көшеттерін отырғызуы - үлкен бастама және бұл шараны алдағы уақыттарда да жалғастыра береміз», - деді Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов.
«Бұл өте тамаша саябақ, бірнеше жылдан соң, ағаштар бой алып, өскеннен кейін, бұл жер біздің қала тұрғындарының ең сүйікті саябағына айналатынына күмәнім жоқ», - деп атап көрсетті әкім.