17:43, 01 Мамыр 2013 | GMT +5
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі Қызылордада кең ауқымда тойланды
ҚЫЗЫЛОРДА. 01 мамыр. ҚазАқпарат - Қызылордада 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі кең ауқымда тойланды.

Сыр бойындағы басты қалада ол мерекелік шеруден басталды. Осы сәтте Қызылорданың мыңдаған тұрғындары қаланың орталық алаңына жиналды. Қолдарына шар, гүл шоқтары мен транспаранттар ұстаған қауым әсем әуенмен «Қазақстан тек ғана алға!», «Бейбітшілік біздің басты байлығымыз», - деп ұрандатып, сап түзеп жүріп өтті. Бірқатар мекемелер автомобиль платформаларын плакаттармен және шарлармен безендірген. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Балдырған Мәмен бұқаралық мерекенің дәл осылай тойлануы көпшілікке қуаныш сыйлайтынын жеткізді.
Мерекелік шеруден кейін қаланың орталық алаңында танымал әнші Роза Рымбаева концерт беріп, Сыр жұртшылығына әдемі көңіл-күй сыйлады.