Қазақстан халқының саны 17 млн. 53 мың адамды құрады
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 17 млн. 53 мың адамды құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«2013 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 17053,4 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар - 9 млн. 366 мың, ал ауылдықтар - 7 млн. 687 мың. Биыл қаңтар-шілдеде, жалпы елімізде халық саны 143,6 мың адамға немесе 0,8 пайызға өсті. Ал 2012 жылғы 1 тамызбен салыстырғанда 237,8 мың адамға немесе 1,4 пайызға артты», - деді агенттік төрағасы.
Аталған мерзімде республика халқының табиғи өсімі 144,4 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффиценті 1000 адамға шаққанда 14,6 адамды құрады.
Оның сөзіне қарағанда, қаңтар-шілдеде АХАТ органдарында 227 мың жаңадан туған сәбилер тіркелді, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты.