Қазақстан халқының саны жылына 265 мың адамға көбейсе, ол біз үшін үлкен қуаныш - ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстандағы халық бір қалаға көбейіп отыратын болса, бұл - бір үлкен ғанибет.

Қазақстан халқының саны жылына 265 мың адамға көбейсе, ол біз үшін үлкен қуаныш - ҚР Президенті

Бұл туралы бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаты барысында мәлім етті.

Халықтың демографиялық ахуалына тоқталған Мемлекет басшысы соңғы уақыттарда халық саны артып отырғандығын тілге тиек етті.

«Ойлап қарайтын болсақ, 1991 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстаннан 3,5 млн. халық кетіп қалды. Ол кезде біздің халқымыздың саны 14 млн. адамға дейін түсті. Себебі толқымалы жағдай болды, халық жағдайымыз қалай болады деп, кебіреулері Ресейге көшті, немістер Германияға көшті, Грецияға, Израильге қоныс аударып кетті. Ешқайсысын да ұстағанымыз жоқ. Халық 14 миллионнан түсіп кетті. Қазір жағдай жасағанымыздың арқасында қайтадан орнына келіп, 17 млн-нан асты. Оның ішінде 1 миллионнан астамы қандастарымызды сырттан алып келдік. Олар балалы болып, көбейіп жатыр. Сонан кейін Қазақстанның ішіндегі жағдайды түзеп, балаларға қам жасадық. Бұл, әрине, қуанышты жағдайлар», - деді ол.

Оның атап көрсеткеніндей, бір жылдың ішінде 265 мың бала мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барды. «Ол бір Орал сияқты бір қаланың тұрғындарымен пара-пар. Жыл сайын Қазақстандағы халық бір қалаға көбейіп отыратын болса, бұл бір үлкен ғанибет. Қазақстан тарихында алғаш рет 700 мектеп салынды. Денсаулық сақтау мекемелері 600-ден астамы салынды. Әлде де 3 ауысымда оқытатын мектептер бар, ескірген мектептер бар. Сондықтан қазақта сөз бар ғой, «бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген. Әр баланың өз несібесі бар», - деді Н.Назарбаев.