Қазақстан халқының шамамен 60 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының шамамен 60 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз мәлім етті.
«Бүгінгі таңда Қазақстан халқының шамамен 60 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл ретте халықтың сумен қамтылғанын не болмаса қамтылмағанын әр қырынан қарастыруға болады. Ал жоғарыда сөз орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қатысты қозғалды», - деді ол.
Оның айтуынша, елімізде тұтынылатын барлық су ресурстарының тек қана 3-4 пайызы ауыз су ретінде, шамамен 70 пайызы ауыл шаруашылығына, ал қалғаны өндіріске пайдаланылады.
«Толықтай алғанда Қазақстанда ауыз су тапшылығы жоқ. Мәселе оны халыққа жеткізуде болып тұр», - деді Б.Бекнияз.
Сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары өз сөзінде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Қазақстан халқы 2020 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қатылатынын баса айтты.