Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігіне арналған фотобайқау жарияланды

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» атты республикалық акция басталды.

Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігіне арналған фотобайқау жарияланды

Соның аясында бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүретін еліміздегі барша этностың бірлігіне арналған фотобайқау өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл шара респуликалық деңгейде ұйымдастырылады. Фотобайқаудың қорытындысы бойынша үздік жұмыстар Интернетте фотокөрме түрінде «Жас Отан» ЖҚ-ның ресми сайтында көпшіліктің назарына ұсынылатын болады»,-деді «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев.

Оның сөзіне қарағанда, фотокөрме Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігін, өзара сыйластық пен достықтың, бейбітшіліктің және ынтымақтастықтың негізінде құралған этносаралық қатынастарды бейнелеу идеясына негізделген.

Байқауды өткізу екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі аймақтық деңгейде ертеңнен бастап мамырдың 15-і аралығында өткізіледі. Осы кезеңде «Жас Отанның» аймақтық филиалдары жалпы фотосуреттер мен бірге тапсырылатын құжаттарды жинақталуы жұмыстарымен айналысады. Одан әрі барлық фотосуреттер мамырдың 15-іне дейін «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшылығына жинақталады. Содан кейін мамырдың 20-сы кезінде құрылған комиссияның отырыстары өткізіледі. Осының аясында тақырыпты ашатын суреттер іріктеліп, авторлары марапатталатын болады. Байқауға қатысатын фотосуретшілердің жас аралығына шектеу қойылмайды. Шараны «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырып отыр.