Қазақстан халқының жартысы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанбайды - ҚР ЭБЖМ

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Ел тұрғындарының тең жартысы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанбайтынын жеткізген. Бұл туралы бүгін өткен «ҚР «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңын жүзеге асыру тұрғысынан мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіру» атты халықаралық конференцияда ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің жауапты хатшысы Дина Шаженова айтты.

Қазақстан халқының жартысы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанбайды - ҚР ЭБЖМ

«Біз бүгінде жалпы халық көрсетіліп отырған мемлекеттік қызметке қанағаттанады деп айта алмаймыз. Әр салада әртүрлі. Жалпы алғанда 50 пайыздайы ғана қанағаттанады деп айтуға болады. Кейде азаматқа қатысты дөрекі қызмет көрсеткен қызметкерді көріп қаламыз, кейде ұзыннан-ұзақ кезектер болады, адамдар отырып күтетін орындар жасалмайды. Әрине, сондықтан біз халықтың көңілінен шығу үшін үнемі жұмыс жасай беретін боламыз», - деді ол.

Жауапты хатшының айтуынша, биыл министрлік пилоттық жобаны іске асыруға кіріседі. Үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен қоғамдық мониторинг жүргізуге гранттық қаражаттар бөлінген. Қазіргі уақытта әрқайсысы 10 мың доллар тұратын 7 жоба таңдалған.

«Бұл үкіметтік емес ұйымдар әр саладағы мемлекеттік қызметтің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізетін болады», - деп атап өтті Д. Шаженова.