Қазақстан халық банкі Басқарма төрайымы қаржы аталымы бойынша «Ажар» ұлттық сыйлығымен марапатталды

АЛМАТЫ. 29 қараша. ҚазАқпарат - «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова «Қаржы» аталымы бойынша Қазақстан әйелдері жетістіктерінің қоғам тарапынан мойындалуын паш ететін «Ажар» ұлттық марапатына ие болды. Бұл шара III Еуразиялық әйелдер саммиті шеңберінде жүзеге асты.

Қазақстан халық банкі Басқарма төрайымы  қаржы аталымы бойынша «Ажар» ұлттық сыйлығымен марапатталды

Оны ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «Қазақстан іскер әйелдерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған болатын. Оның негізі мақсаты - Еуразиялық кеңістіктегі қоғамдық-саяси және экономикалық дамуға әйелдердің қосатын үлесін паш ету. Қаржы институтының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл саммитке Қазақстаннан және Катар, Израиль, Ресей, Беларусь, Украина, Башқұртстан, Өзбекстан мен  Қырғызстаннан 50-ден астам өкіл қатысты.

Қазақстан әйелдері жетістіктерінің қоғам тарапынан мойындалуын паш ететін «Ажар» Ұлттық марапаты Қазақстан әйелдерінің басты қоғамдық сыйлығы болып табылады. Жалпы Үміт Болатханқызы Шаяхметова Қазақстанның жүйе құрушы банкінің Басқарма төрайымы қызметін 2009 жылдың 21 қаңтарынан бері атқарып келеді. Бұған дейін 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен және 2011 жылы «Парасат» орденімен марапатталған болатын.