Қазақстан халықаралық байланыстар мәселесінде әлдеқашаннан-ақ бастауыш сыныптардың оқушысы емес - Астана Саммитіне қатысты ғалым пікірі

АНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан халықаралық байланыстарда әлдеқашаннан-ақ бастауыш сыныптардың оқушысы емес. Бұл пікірін бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел отырысы барысында тарих ғылымдарының кандидаты Сергей Селиверстов білдірді.

Қазақстан халықаралық байланыстар мәселесінде әлдеқашаннан-ақ бастауыш сыныптардың оқушысы емес - Астана Саммитіне қатысты ғалым пікірі

«Астана Саммиті және болашақ туралы диалог» тақырыбында ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты ұйымдастырған дөңгелек үстел басына белгілі саясаттанушылар, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері жиналып, Қазақ елі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының шежіресіне алтын әріптермен жазылатын Астана Саммиті мен онда қабылданған тарихи құжат - Декларация жайында өз пікірлерін ортаға салды.

Өз ойын білдірген С.Селиверстов, 1999 жылдан бері ЕҚЫҰ төрағалығының тізгінін әртүрлі елдер алғанымен, олардың ешқайсысы жоғары деңгейдегі басқосуды ұйымдастыру құқығына ие бола алмағанын айтты. Сондықтан Еуропалық Ұйымға мүше - Азия елі - Қазақстанның Саммитті өткізу туралы ұсынысын сарапшылар қоғамдастығы күмәнмен қабылдады.

«Көбісі бұл ұсыныс жүзеге аспайтынына сенімді болды, көбісі - оны қаламады. Не дегенмен, Қазақстан алпауыт елдер басшыларының қолдауына ие болды. Міне сол себептен де, біздің ел ЕҚЫҰ-ның тарихына енуі тиіс. Онымен бірге, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің пікір алмасу алаңы ғана болған жоқ, жалпы еуропалық дағдарысты еңсеруге сүбелі үлес қосты. Сондай-ақ Еуропа үлкен Еуразия құрылығынан жеке өмір сүріп, өзінің қауіпсіздігін бөлек құрастыра алмайтындығын айқындады. Сондықтан, Қазақстан өзіне тым жоғары межені таңдап алды деп қам жеудің қажеті жоқ. Қазақстан халықаралық байланыстарда әлде қашаннан алғашқы сыныптардың оқушысы емес. Және де оған елдің сыртқы саясатта тек бастама көтеріп қана қоймай, оларды іс жүзіне асырып отырған жұмыстары дәлел. Дәл осылайша Астана Саммиті де ұйымдастырылды», - дейді ол.

С.Селиверстов, бұл Саммитпен Қазақстан өзінің сыртқы және ішкі беделін арттыруды көздеді деген пікірлерге қарсылық айтпайтынын, керісінше оларды қуаттайтындығын жеткізді. Себебі ірі алпауыт елдердің беделінің өзі әлем оларды қалай қабылдайтындығына тікелей байланысты.