Қазақстан халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясына қосылуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясына қосылуға ниетті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің мәліметінде хабарланды.

Қазақстан халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясына қосылуға ниетті

«Мемлекет басшысының «Стратегия - 2050» Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын жүзеге асыру тұрғысында, яғни шет елдерде еліміз азаматтарының құқықтарын, олардың отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету аясында министрлік тиісті көпжақты конвенцияларға қосылу бойынша бірқатар шараларды атқарды. Сонымен қатар, халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясына қосылу мәселесі қарастырылды. Оның қызметі халықаралық жеке құқық пен халықаралық азаматтық процестің нормаларын үйлестіруге негізделген»,-деп атап өтілген министрлік мәліметінде.

Айта кетейік, бүгінде Гаага конференциясына 79 мемлекет пен Еуропалық одақ қатысушы елдер болып саналады.
«Қазақстанның Гаага конференциясына мүшелігінің негізгі ерекшелігі -жалпы әрі әмбебеп тәртіп арқылы азаматтарға құқықтық көмек көрсету мүмкіндігі мен географиялық қамту. Сондай-ақ, аталған конференцияға мүшелік әлемдік стандарттарды ескере отырып, Қазақстанның құқықтық жүйесін ары қарай дамытуға, шет елдерде қазақстандықтардың құқықығы мен мүдделерін тиімді қорғауға ықпал етеді»,-деп пайымдайды ҚР Әділет министрлігі мамандары.