Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай кәсіпкерлер Астана саябақтарында 3700 ағаш екті

Бұл туралы бүгін «Елордаға арналған ағаш отырғыз» акциясы барысында елорда әкімінің орынбасары Василий Крылов мәлім етті.
«Бұл акция қаладағы экологиялық айлық аясында өткізілуде. Шараға қаладағы барлық кәсіпорындар мен мекемелер қолдау көрсетті. Бұл таза кәсіпкерлердің атсалысуымен өткізіліп отырған бастама десек те болады. Бүгін 3700 ағаш отырғызылады. Екпе жұмыстары тек елордадағы саябақтарда жүреді»,-деді В. Крылов.
Оның айтуынша, ағаштар жиі орналасатын болса, олардың өсімі де жақсы болатыны байқалған. Сондықтан бүгінгі акция кезінде әкімдік саябақтардағы ағаштардың тығыздығын арттыруды шешкен.
Сонымен қатар В.Крылов, қаланың ескі саябағы қайта жаңартудан өткізіліп жатқандығын хабарлады. Астанада аумақтары 100 га және 180 га болатын екі жаңа саябақтың құрылысы да жоспарда бар.
«Елордаға арналған ағаш отырғыз» акциясы Астанада өткізілетін жалғыз экологиялық шара емес. Мәселен, қалада жаңа туған әрбір нәрестеге бір тал көшет сыйға тартылатын күнделікті акция бар. В. Крыловтың айтуынша, бір жылдың ішінде жаңа туған нәрестелердің құрметіне осындай 8 мың көшет егілген.