«Қазақстан ханымы-2011» байқауының ақтық кезеңі ертең Астанада өтеді
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - «Қазақстан ханымы-2011» ІІІ Ұлттық байқауының гранд-финалы ертең, 14 қыркүйек күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Бұл туралы іс-шараны ұйымдастыру комитетінен хабарлады.
Гранд-финалда үстіміздегі жылы Қазақстанның тоғыз өңірінде: Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Петропавл, Семей, Талдықорған және Қостанайда өткен іріктеу байқауларының жеңімпаздары бақ сынайды.
«Қазақстан ханымы» байқауына қатысудың бірден-бір шарты - отбасында балалардың болуы.
Ақтық сайыстың жеңімпазы «Әлем ханымы - 2011» байқауында Қазақстан атынан сынға түсетін болады. «Әлем ханымы» тұрмыс құрған, жасы 30-ға толмаған келіншектерге арналған жалғыз сайыс. 1977 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық байқауға жыл сайын әлемнің 80-нен астам өкілі қатысады.
Мәлім болғандай, өңірлерде өткен іріктеу кезеңдері мен байқаудың гранд-финалына билеттердің сатылымынан түскен қаражаттар жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жолданады.
«Қазақстан ханымы» байқауы алғаш рет 2008 жылы өтті.