Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған ел болуға өтінім берді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстандық ұйымдардың зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыруға арналған Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасына қатысуын кеңейту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған ел болуға өтінім берді
Фото: pexels

Кездесуге университеттер, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері және сарапшылар қатысты. Қатысушылар Қазақстан мен Еуропалық одаққа ортақ қызығушылық тудыратын бағыттарды талқылады. Олардың қатарында стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және басқа да технологиялық салалар бар.

Қазақстандағы Horizon Europe ұлттық үйлестірушісі Әлия Сембаеваның айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық ұйымдардың бағдарламаға қызығушылығы айтарлықтай артқан.

-2023 жылы Қазақстаннан бар болғаны 15 өтінім түскен еді. Қазір қазақстандық ұйымдардан 200-ге жуық өтінім берілді. 2 млн еуроға жуық қаражат тартылды. Өтінімдерді бағалайтын сарапшылардың саны да бесеуге дейін артты, – деді Әлия Сембаева.

Қазіргі уақытта бағдарлама аясында Қазақстанның 50-ге жуық жобасы іске асырылып жатыр немесе жүзеге асырылған. Сонымен қатар қазақстандық ұйымдар өтінімді өздері беріп қана қоймай, іске асырылып жатқан халықаралық жобаларға да қосыла алады.

Осындай жобалардың бірі сирек жер металдары саласында жүзеге асырылып жатыр. Оған Назарбаев Университеті қатысуда. Университет Нидерландтан келген докторанттың зерттеу жүргізуіне алаң ұсынды. Сонымен қатар бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеуге қатысады.

-Horizon Europe іс жүзінде барлық бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұнда іргелі ғылымнан бастап инновациялық жобалар мен стартаптарды қолдауға дейінгі қаржыландыру құралдары бар. Қазір қазақстандық ұйымдардың сирек жер металдары жобаларында ғана емес, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, ғарыш және басқа да бағыттарда ұсынылуы маңызды, – деді Әлия Сембаева.

Қазақстан жекелеген жобаларға қатысудан жүйелі жұмысқа көшуді көздеп отыр. Осы мақсатта ел Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған ел мәртебесін алу үшін ресми өтінім берді.

Мұндай мәртебе қазақстандық университеттерге, ғылыми-зерттеу ұйымдарына және компанияларға бағдарламаға кеңірек шарттармен қатысуға және халықаралық консорциумдарға белсендірек кіруге мүмкіндік береді.

-Жүйелі жұмыс жүргізу үшін біз бұл бағдарламаның толыққанды серіктесі болуымыз керек. Маусым айында Қазақстанның Horizon Europe бағдарламасына қауымдасуы мәселесі бойынша Еуропалық комиссиямен диалог басталды. Қазір біздің міндетіміз – қазақстандық ұйымдардың ірі еуропалық ғылыми және инновациялық консорциумдарға жүйелі түрде қатысуына көшу, – деді ұлттық үйлестіруші.

Қазіргі уақытта Еуропалық комиссиямен рәсімдік, құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша алдын ала консультациялар жалғасып жатыр. Қазақстан 2026 жылғы маусымда Horizon Europe бағдарламасына қауымдасу туралы ресми өтінім жолдады. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елдің бағдарламаға қосылуға ниетті екенін мәлімдеген.

Horizon Europe бағдарламасы 2021-2027 жылдарға арналған. Ол халықаралық ғылыми жобаларды, технологиялар мен инновацияларды қолдауды көздейді. Бағдарламаның жалпы бюджеті 93,5 млрд еуроны құрайды.

Қазіргі кездесу инновациялық саясат бойынша еуропалық TAIEX сарапшылары миссиясы аясында да өтіп жатыр. 5-9 қазан аралығында мамандар Қазақстандағы ғылымды, инновацияларды және оларды коммерцияландыруды қолдау жүйесін бағалап, оны одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеп жатыр.

Бұған дейін Cambrian Futures компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі, футуролог Олаф Дж. Грот жасанды интеллект Қазақстанның әлемдік экономикадағы позициясын нығайтуға қалай көмектесе алатыны туралы айтып берген.

British Council мен QAA бастамасымен жоғары білім сапасына ортақ стандарттар әзірленбек.