Қазақстан Хошимин портына астықтың алғашқы партиясын жөнелтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалтыр теміржол стансысынан Вьетнамның Хошимин портына «ҚТЖ» ҰК» АҚ контейнерлеріне тиелген қазақстандық астық жөнелтілді.

Қазақстан Хошимин портына астықтың алғашқы партиясын  жөнелтті

Жүк Ляньюнган порты арқылы барады.

Астықтың пилоттық жөнелтілуін «KTZ Express» АҚ компаниясының еншілес кәсіпорны «Ляньюньган қаласының қазақ-қытай халықаралық логистикалық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастықпен (ЖШҚ) бірлесе жүзеге асырды, деп хабарлады ҚТЖ-ның баспасөз қызметінен.

«KTZ Express» АҚ вице-президенті Ержан Кулаков атап өткендей, астық қапқа салынып, контейнерлермен жіберілуде. Жөнелтілудің мұндай әдісі вагондап жіберумен салыстырғанда Достық стансысында контейнерлерді тиеу бойынша процедура уақытын қысқартады.

«Қазақстан астықты экспорттау бойынша әлемде ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 8 млн тоннадан астам бидай экспортталады, сондықтан пилоттық жобаның сәтті жүзеге асуы астықты жөнелту көлемін арттыруға мүмкіндік береді», - деп мәлім етті Е. Кулаков.

Е. Кулаков сондай-ақ, Ляньюньган портындағы логистикалық терминалдың бірлескен жобасы Қазақстанның Қытайдағы ірі инвестициялық жобасы болып табылатынын атап өтті.