Қазақстан ICAO-ның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші бойынша үздік 20 елдің қатарына кірді

АСТАНА. KAZINFORM- Премьер-министр Олжас Бектенов Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен Қазақстан мен ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстан авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша 95,7% көрсеткішімен әлемдегі үздік 20 мемлекеттің қатарына кіреді.

 Олжас Бектенов  Хуан Карлос Саласармен кездесті
Фото: Үкімет

ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Олжас Бектенов Астанаға «Авиациялық қауіпсіздік – 2026» апталығына қатысу үшін келген Хуан Карлос Саласармен кездесті. Бұл – ICAO Бас хатшысының Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы ресми сапары.

Кездесуде Қазақстанның ICAO-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Сондай-ақ елімізде экономиканың барлық басым салаларында тұрақты прогресті қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды реформаларға назар аударылды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, авиациялық хабтар қалыптастыруға және елдің транзиттік рөлін нығайтуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, ICAO-мен өзара іс-қимыл Қазақстанның авиация саласы үшін стратегиялық маңызға ие.

Хуан Карлос Саласар Қазақстанның авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктерін жоғары бағалады. Ол елімізде әуежай және аэронавигациялық инфрақұрылымды дамыту мен нығайтуға қатысты маңызды шешімдер қабылданып жатқанын, ал қазақстандық авиакомпаниялар әуе флотын жаңғыртып, халықаралық маршруттық желіні кеңейтіп жатқанын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның азаматтық авиациясының дамуында оң серпін бар екенін айтты. Соңғы бес жылда авиация саласының жалпы қызметі 6,5 есе өсіп, 2,9 млрд долларға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайлардағы жолаушылар ағыны 31,8 млн адамды құрады, ал халықаралық маршруттық желі 161 бағытқа дейін кеңейді.

Қол жеткізілген нәтижелер халықаралық стандарттарды дәйекті түрде енгізудің және қазақстандық мамандардың жоғары кәсібилігінің арқасында мүмкін болды. Саланың әлеуетін одан әрі ашу үшін Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарының (CAMP-2050) маңыздылығы атап өтілді. Құжат саланы жаңғырту, авиациялық хабтар қалыптастыру және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.

Кездесу қорытындысында Олжас Бектенов пен Хуан Карлос Саласар қауіпсіздікті одан әрі күшейту және азаматтық авиацияның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен ICAO арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен күш-жігерді жұмылдыру ниетін растады.

Осыған дейін Қазақстанның авиациялық оқиғаларды тергеу саласында ИКАО тәжірибесін енгізетіні туралы жаздық.