Қазақстан импорттық баж салығы бойынша келіссөздерге АҚШ-қа делегация жібереді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан импорттық баж салығына қатысты консультациялар бойынша АҚШ-қа өкілдерін жібереді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова мәлім етті.

— Қазір бекітілген тарифтерге (АҚШ-тың бастамасы) қатысты болған жағдайды ескере отырып, барлық ел консультациялар өткізуге мүдделі. Біз де осы үрдістен тыс қалмайтынмыз анық. Осы мәселені Үкіметте пысықтап, консультацияға дайындалып жатырмыз… Келіссөздер АҚШ-та өтеді, — деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанды қоса алғанда 185 елден келетін тауарға жаңа баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Осыған орай қаржы сарапшылары Андрей Чеботарев пен Расул Рысмамбетов еліміздің экономикасына оның қандай салдары болуы мүмкін екеніне қатысты ойын айтты.
Жақында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ-тың Қазақстан экспортына енгізген баж мөлшерлемесі туралы пікір білдірді.
Еске салсақ, осыған дейін Дональд Трамптың Қытайға баж салығын 145 пайызға дейін көтергені туралы жаздық.
Сонымен қатар АҚШ әкімшілігі смартфон, компьютер және басқа да электроника тауарларын өзара кедендік баж салығынан уақытша босатып, оларға бөлек салалық тариф енгізуді жоспарлап отыр.