Қазақстан-Индонезия дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толды

индонезия
Фото: ҚазАқпарат

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында Қазақстан мен Индонезияның арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 30 жылығы мен Индонезия тәуелсіздігінің 78 жылдығына арналған салтанаттты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара қонақтарының назарына Индонезия халқының мәдениеті, аспаздық өнері мен сәндік ғұрыптары ұсынылып, елдің танымал тауарлары мен туризм саласындағы әлеуеті паш етілді.
Салтанатты кешке шақырылғандардың арасында екі елдің дипломатиялық байланыстарының нығаюына үлес қосып жүрген үкімет мүшелері, бизнес өкілдері, білім саласындағы мамандар мен БАҚ өкілдері болды.

сім
Фото: ҚазАқпарат

Астана Индонезияның жаңа астанасы — Нусантара қаласымен тұңғыш бауырлас қала ретінде тарихқа еніп отыр. 3 шілде күні екі тарап осындай меморандумға қол қойған. Бұл екі елдің арасындағы 30 жылдық тарихы бар димпломатиялық қарым-қатынасының бір бегісі ғана.

2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 700 млн долларға жеткен. Биыл қазақстандық үш компания Нусантара қаласына инвестиция салуды көздейтін меморандумға қол қойды.

сім
Фото: ҚазАқпарат

2023 жылдың қаңтарынан бері Индонезияға турист ретінде барған қазақстандықтарға бвиза беру режимі іске қосылды. Ал Қазақстанға осындай мақсатпен келген индонезиялықтарға 30 күнге дейін визасыз режим ұсынылып отыр.

Индонезияның төл жекпе-жегі саналатын Пенчак силат жауынгерлік өнері Қазақстанда кең таралып келеді.

сім
Фото: ҚазАқпарат

Индонезияның «Гаруда Индонезия» әуе компаниясы мен «Эйр Астана» арасында Алматы-Инчхон-Бали бағытындағы рейстерді бірлесіп игеру келісімі бар.

Қазақстан Үкіметі мен Индонезия елшілігі Қазақстан мен Индонезия арасында тікелей әуе рейсін ашу бағытында жұмыс істеп жатыр және оны дипломатиялық байланыстың 30 жылдығы қарсаңында аяқтамақшы.

сім
Фото: ҚазАқпарат

Екіжақты байланыстың өзге де ұтымды тұстары туралы Индонезия Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман біраз мағлұмат берді.

«Бүгінгі жарқын кеште мен осында жиналған қымбатты қонақтарымызбен Индонезияның Тәуелсіздік күнінің 78 жылдығын және Индонезия мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынастарының 30 жылдығын тойлап жатқанымызға өте қуаныштымын.
Мен біздің құрметті қонағымыз, Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мырзаның бүгінгі қабылдауға келгеніне зор алғыс білдіремін. Бұл Индонезия мен Қазақстан арасындағы берік екіжақты қарым-қатынасты көрсетеді.

30 жыл бұрын, маусымның шуақты күндерінде Индонезия Республикасы мен Қазақстан Республикасы ресми түрде дипломатиялық қатынастар орнатты. Бұл Индонезия 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялағанын мойындағаннан кейінгі тығыз ынтымақтастықтың маңызды кезеңі болды.

2018 жылы мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Сенатының Төрағасы ретінде Индонезияға барып, Президент Джоко Видодомен кездесті. Жаһандық аренада Индонезия мен Қазақстан өзара қызығушылық тудыратын түрлі мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастық орнатты. Индонезия Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіндегі байқаушы ел ретінде 2023-2024 жылдарға арналған қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын қолдайды», - деді Елші.

Сондай-ақ, ол қазақстандық Sergek компаниясы Нусантара қаласының көлік жүйесіне өз технологиясын енгізетінін атап өтті.

«Калимантан аралындағы Нусантара 2024 жылдың тамызында Индонезияның жаңа астанасы ретінде ресми түрде ашылуға дайын болады», - деді Мохамад Фаджрул Рахман.

Индонезия мен Қазақстан мұнай, газ және пайдалы қазбалар секторындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум аясында энергетика секторындағы ынтымақтастықты нығайтуға ынталы. Қазір Индонезия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда аймағы туралы келіссөздер жүріп жатыр.

«Осы жылдың басында Индонезия үкіметі Қазақстанды келген кезде виза алатын елдер тізіміне қосты. Ал 15 мамырда Индонезия мен Қазақстан Сеул арқылы өтетін Бали-Алматы қалааралық рейсі іске қосылды. Ендігі міндет – Индонезия мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасын орнату. Қазақстан Көлік министрлігінің және екі елдің барлық мүдделі тараптарының қолдауымен біз бұл арманымызды таяу болашақта жүзеге асырамыз деп сенеміз», - дейді Индонезия Елшісі.

Соңғы жаңалықтар