Қазақстан индустриялық аймақтарды әмірліктер компанияларының басқаруына беруге әзір

АСТАНА- ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Даби қаласында Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтар өкілдерімен кездесуде хабарлады.

Қазақстан индустриялық аймақтарды әмірліктер компанияларының басқаруына беруге әзір

- Бізді Біріккен Араб Әмірліктерінің индустриялық аймақтар жұмысы жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Біз осындай аймақтарды әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әмірліктердің бизнесмендеріне Қазақстанда қазір ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүріп жатқанын, оның аясында жеті жүздей мемлекеттік кәсіпорын сатылымға шығарылғанын жеткізді.

- Бұл - тау-кен металлургиясы, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындардың, инфрақұрылым нысандарының акциялары. Біз әмірліктер компанияларының осы жекешелендіру ісіне атсалысуын біз құптаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Астана халықаралық қаржы орталығының қызметіне және Абу-Дабидегі саммитпен тақырыбы ортақ алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне тоқталып өтті.

- Қазақстанның елордасында биыл «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 110-нан астам мемлекет, 18 халықаралық ұйым және жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялар қатысады. Әмірліктер - араб мемлекеттері арасынан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған бірінші мемлекет, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты келіссөздер аясында «Астана ЭКСПО - 2017» мен «Бюро ЭКСПО Дубай 2020» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтіп, «жасыл» энергия немесе баламалы және жаңартылатын энергия саласы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерімен арада табысты ынтымақтастық орнайды деп үміттенетінін жеткізді.

Соңында Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың бәріне алғыс айтып, тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мен болашағын айқындай алатынына сенім білдірді.