Қазақстан интернет трафикті Қытай мен Ресейден ғана емес, Еуропадан тартуы мүмкін

5G
Фото: midjourney

Еуропалық Одақ Қазақстандағы интернет көздерін әртараптандыруға атсалыспақшы. Бұл туралы Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур Орталық Азияның Еуразиялық қоры ұйымдастырған жиында мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазақстанға қазір интернет трафик Ресейден және Қытайдан келеді. Біздің жоба Қазақстанға еуропалық спутник байланысын пайдалану мүмкіндігін ұсынғысы келеді. Бұл — еуропалық SES компаниясының өнімі. Мысалы, Starlink жерді төмен орбитамен айналса, SES спутниктері орта орбитамен айналады. Орта орбитадағы спутниктер бүкіл Қазақстанды қамти алады. Артықшылығы сонда. Тіпті бүкіл Орталық Азияны қамтиды», — дейді Йоханнес Баур.

Оның сөзінше, аталмыш жобаны Еурокомиссия мақұлдап отыр.

«Бұл жобаны біз 2024 жылы өтетін „Орталық Азия — Еуропалық Одақ“ саммитінде таныстырғымыз келеді. Жобаның бірінші кезегінде Еуропалық Одақ 20 млн еуро бөледі. Бірақ бұл — бүкіл Орталық Азияға бөлінген сома. Ол қаражаттың үлкен бөлігі Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне бағытталады деп ойлаймын. Екінші кезекте қай елге нақты қанша бөлінетіні әзірге белгісіз. Бірақ бұл Еуропа инвестициялық банкінің үлкен көлемдегі несиесі болады», — деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур.

Соңғы жаңалықтар