Қазақстан интернет жылдамдығы мен бағасы бойынша әлемде нешінші орында
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мобильді интернеттің бағасы мен жылдамдығы жағынан әлемдегі озық елдердің қатарында. Жылдам интернеті бар 55 мемлекеттің арасында еліміз тарифтің арзандығы бойынша жетінші орынға жайғасқан. Ал қазақстандықтар интернетті әлемдік орташа деңгейден бір жарым есе көп пайдаланады.
Мобильді байланыс туралы әңгіме көбіне тариф бағасынан басталады. Абоненттік төлем қаншаға өсті, интернет пакеті қанша тұрады, басқа елдермен салыстырғанда бізде байланыс арзан ба? Алайда интернеттің қолжетімділігін тек бағасына қарап бағалау дұрыс емес. Оның жылдамдығы мен тарифке кіретін интернет көлемін де ескерген жөн.
Broadband Genie зерттеуіне сүйенсек, 2026 жылы Қазақстанда бір гигабайт мобильді интернеттің орташа бағасы 30 цент шамасында болған. Бұл — тарифтік пакеттердегі орташа баға емес, медианалық баға. Зерттеуге енген 234 ел мен аумақтың арасында Қазақстан 53-орынға шыққан.
Әлемде бір гигабайт интернеттің орташа құны 1,23 долларды құрайды, яғни Қазақстандағы бағадан төрт еседен астам жоғары. Дегенмен интернеттің арзан болуы оның жылдам әрі сапалы екенін білдірмейді. Сондықтан тариф құнымен қатар, интернеттің қаншалықты жылдам жұмыс істейтініне де назар аудару қажет.
Қазақстан жылдам интернеті бар елдердің арасында жетінші орында
Speedtest Global Index рейтингінде мобильді интернеті жылдам 55 елдің деректері салыстырылған. Осы елдердің арасында Қазақстан айлық тарифтің арзандығы бойынша жетінші орынға ие болған.
Broadband Genie мәліметінше, Қазақстанда мобильді интернеттің айлық құны орта есеппен 10,65 доллар. Ал аталған 55 елдегі орташа баға 27 доллардан асады. Демек, елімізде мобильді интернет осы топтағы мемлекеттермен салыстырғанда екі жарым еседен астам арзан.
2026 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, тізімдегі ең арзан интернет Вьетнамда. Онда айлық тариф 5,14 доллар тұрады, ал интернет жылдамдығы секундына 230,31 мегабитке жетеді. Грузияда тариф құны 5,72 доллар, жылдамдығы — 147,46 Мбит/с.
Украинада ай сайынғы төлем 7,64 доллар болғанымен, интернет жылдамдығы 94,75 Мбит/с. Үндістанда тариф 7,82 доллар, жылдамдық — 126,92 Мбит/с. Әзербайжанда интернеттің айлық құны 9,93 доллар болса, жылдамдығы 98,92 Мбит/с. Ал Камбоджада тариф 9,98 доллар, интернет жылдамдығы 123,88 Мбит/с болған.
Қазақстанда айлық тариф 10,65 доллар, интернет жылдамдығы секундына 93 мегабитті құрайды, яғни елімізде интернет аталған мемлекеттердің кейбірімен салыстырғанда сәл қымбатырақ болғанымен, жылдамдығы жағынан олардан қалыспайды.
Интернеті жылдам елдердің бәрінде байланыс арзан емес. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар және Кувейт жылдамдық рейтингісінде алдыңғы орындарда тұр. Бірақ бұл елдерде мобильді интернеттің айлық құны 58,8 доллардан басталып, 80 доллардан асады. Канадада да интернет Қазақстанға қарағанда баяу болғанымен, абоненттер одан бес жарым есе көп төлейді.
Қазақстандықтар интернетті көп пайдаланады
Байланыстың қаншалықты қолжетімді екенін оның бағасы мен жылдамдығынан бөлек, халықтың қанша интернет пайдаланатынынан да байқауға болады.
Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда бір мобильді интернет абоненті жылына орта есеппен 283 гигабайт дерек пайдаланған. Әлем бойынша бұл көлем 184 гигабайтқа тең, яғни қазақстандықтар интернетті әлемдік орташа деңгейден шамамен бір жарым есе көп тұтынады.
Ай сайынғы есеппен алғанда, Қазақстанда бір абонентке 23,6 гигабайттан келеді. Әлемдік орташа мөлшер — 15,3 гигабайт, ал ТМД елдерінде — 22 гигабайт. Осылайша, қазақстандықтардың интернет пайдалану көлемі өңірдегі орташа деңгейден де жоғары.
Бұл үрдіс соңғы жылдары күшейген. 2019 жылы бір абонент жылына 120 гигабайт интернет пайдаланса, 2025 жылы бұл көлем 283 гигабайтқа жеткен. Ал әлемде осы кезеңде жылдық тұтыну 72 гигабайттан 184 гигабайтқа дейін өскен.
Интернетті көп пайдалану күнделікті өмірде цифрлық қызметтердің кең таралғанын көрсетеді. Банк қосымшалары, электронды мемлекеттік қызметтер, бейнеқоңырау, онлайн оқу, қашықтан жұмыс істеу мен әлеуметтік желілер қазір көпшілік үшін үйреншікті нәрсеге айналды. Мұның бәрі электронды сауда мен цифрлық төлемдердің де дамуына жол ашады.
Интернетті пайдалану артқан сайын желіге түсетін салмақ та көбейеді
Абоненттер интернетті неғұрлым көп пайдаланса, байланыс желісіне түсетін салмақ та соғұрлым артады. Әсіресе халық тығыз орналасқан аудандарда және кешкі уақытта интернет жылдамдығын бірқалыпты ұстау оңай емес.
Мысалы, Tele2 желісінде биыл бір абонент айына орта есеппен 40 гигабайт интернет пайдаланған. Kcell және Activ желілерінде 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көлем 30,4 гигабайтқа жетіп, бір жылда 63,4 пайызға артқан. Ал Beeline желісінде биылғы екінші тоқсанда бір абонентке айына 22,9 гигабайттан келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,4 пайызға көп.
Сұраныс артқан сайын операторларға қосымша базалық станциялар орнатып, жабдықтарын жаңартуға, 4G және 5G желілерін кеңейтуге тура келеді. Мұның бәрі қомақты қаржыны қажет етеді.
Компаниялардың қаржылық есептеріне қарағанда, 2023 жылдан 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін «Кселл» АҚ-ның негізгі қорларға жұмсаған қаржысы 411,8 млрд теңгеге жеткен. «КаР-Тел» ЖШС осы кезеңде 288,6 млрд теңге жұмсаған. Ал «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 2030 жылға дейін байланыс желісін дамытуға 400 млрд теңгеден астам қаржы салуды жоспарлап отыр.
Ақпарат және байланыс саласына салынған инвестиция да көбейген. 2023–2025 жылдары оның жалпы көлемі шамамен 1,2 трлн теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде салаға 344,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 47 пайызға көп.
Байланыс тарифі инфляциядан баяу қымбаттаған
Желіге қомақты қаржы жұмсалып, интернетті пайдалану көлемі артқанымен, байланыс тарифтері басқа тауарлар мен қызметтерге қарағанда баяу қымбаттаған.
2020 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін қоңырау, интернет және SMS кіретін тарифтік жоспарлардың абоненттік төлемі 58,4 пайызға өскен. Ал осы уақыттағы жалпы инфляция 86,8 пайыз болған. Азық-түлік бағасы 88 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 83,4 пайызға, ақылы қызметтер 88,5 пайызға қымбаттаған.
Халықтың табысы да өскен. 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа табыс 410 мың теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда атаулы мәнде екі еседен астам артқан.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, халықтың жалпы шығынының 3,4 пайызы байланыс қызметіне жұмсалады. Бұл үлес кейінгі жылдары айтарлықтай өзгермеген.
Тағы бір маңызды жайт: 2020–2025 жылдары бір абоненттің жылдық интернет пайдалануы 160 гигабайттан 283 гигабайтқа дейін өскен. Бұл — 77 пайыздық өсім. Ал осы кезеңде абоненттік төлем 58 пайызға артқан, яғни төлем көбейгенімен, тарифке кіретін интернет көлемі де ұлғайған. Соның арқасында бір гигабайт интернеттің абонентке түсетін құны төмендеген.
Жалпы, деректер Қазақстанда мобильді интернеттің бағасы қолжетімді екенін, жылдамдығы жоғары әрі оны пайдаланушылар саны мен тұтыну көлемі артып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет — осы қарқынды сақтап, интернет сапасын төмендетпеу. Ол үшін байланыс желілерін жаңартып, инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажет.
Бұған дейін Қазақстанда спутниктік интернеттің жаңа операторлары пайда болатыны туралы жазған едік.