Қазақстан INTOSAI конгресінің вице-төрағасы болып сайланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық аудит органдарының жоғарғы ұйымы INTOSAI-дың XXIII жалпы отырысын өткізу барысында 169 ел Қазақстанды кезекті конгрестің вице-төрағасы етіп сайлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан INTOSAI конгресінің вице-төрағасы болып сайланды

Ресей Федерациясының Есеп палатасы Халықаралық жоғары аудит органдарының ұйымын басқаратын болды. Алдағы үш жылда ол халықаралық аудиторлық қауымдастықтың күн тәртібін қалыптастырады. Инаугурацияның салтанатты рәсімі сәрсенбі күні INTOSAI-дың XXIII конгресінде өтті.

Сондай-ақ, сәрсенбі күні INTOSAI-дың XXIII Конгресіне арналған пошта маркасын өшіру рәсімі өткізілді. INTOSAI-дың Бас хатшысы Маргит Кракер (Аустрия ЖАО басшысы), INTOSAI-дың жаңа төрағасы Алексей Кудрин, INTOSAI-дың экс-төрағасы Хариб Әл Әмими (БАӘ-нің ЖАО басшысы), INTOSAI-дың вице-төрайымы Наталья Годунова 2019 жылғы 25 қыркүйек деп күні көрсетілген арнайы дайындалған кәдесыйлық штемпельмен ұйымның фирмалық стилі бар маркаларды өшірді.

INTOSAI-дың XXIII конгресінің үшінші күні Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова «Disrupt дәуірінде тұрақты дамуды қалай қамтамасыз ету қажет: басқарушылық және технологиялық шешімдер» тақырыбында панельдік сессияға қатысты, сондай-ақ Жапонияның, Әзербайжан Республикасының жоғары аудит органдарының басшыларымен және IDI Бас директорымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Жапония Аудит басқармасының Президенті Юджи Морита мырзамен екіжақты кездесуде аудиторлық қызметте ақпараттық жүйелерді қолдану және тиімділік пен қаржылық есептілік аудитін дамыту бөлігінде тәжірибе алмасу, мемлекеттік аудиторларды оқыту және кәсіби дамыту мәселелері талқыланды.

«Жапонияның Аудит кеңесі әлемдік аудиторлық қоғамдастықта өзін мойындатқан көшбасшылардың бірі болып саналады. ASOSAI-дың әлеуетін арттыру жөніндегі әкімші ретінде Жапонияның Аудит кеңесі мемлекеттік аудиторларды дамыту жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарды, Азия аймағы елдерінің мемлекеттік аудитін нығайтуға және аудиторлық қызметтің озық тәжірибелерін енгізуге елеулі үлес қосты», - деп атап өтті Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова.

Наталья Годунова Әзербайжан Республикасы Есеп палатасының төрағасы Вугар Гюльмамедовпен кездесуінде шоғырландырылған қаржылық есептілік аудитін және Ұлттық қорға аудит жүргізу мәселелерін талқылады. Жоғарыда көрсетілген салаларда тәжірибе алмасу бойынша шешімдер қабылданды.

Наталья Годунова IDI Бас директоры Эйнар Гориссэнмен екіжақты кездесуінде мемлекеттік аудиторларды сертификаттаудың әлемдік жүйесін енгізу перспективалары, тиімділік аудиті бойынша оқыту мен сертификаттауды ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

«Біз INTOSAI (IDI) даму бастамасының аудит мүмкіндіктерін кеңейтудегі үлесін жоғары бағалаймыз. IDI белсенді өткізетін іс-шаралар (ұзақ мерзімді өңірлік оқу бағдарламалары, өңірлік қосалқы және әріптестік бағдарламалар, сондай-ақ мемлекеттік аудиттің негізгі салаларындағы IDI оқу семинарлары мен практикумдары) жаһандануға және әлемнің жоғары аудит органдары арасында үздік тәжірибелердің таралуына әсер етеді», - деп атап өтті Наталья Годунова.

Кездесу қорытындысы бойынша IDI тарапынан Есеп комитеті үшін арнайы семинарлар, оқу курстарын өткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.