Қазақстан инвестицияларды қолдау мақсатында 20 елмен келісім әзірлеуде - Ж. Қасымбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан инвестицияларды қолдау мақсатында 20 елмен келісім әзірлеуде. Бұл туралы Парламент Сенаты Экономикалық саясат, өңірлік даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында Инвестициялар және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
Комитет отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Вице-министрдің айтуынша, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау Қазақстанның инвестициялық саясатының басты мақсаттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеде тығыз экономикалық ынтымақтастық екі халықаралық келісіммен өлшенеді, оның біріншісі - инвестицияны өзара қорғау болса, екіншісі - қосарланған салықты болдырмау.
«Бүгінгі күні Қазақтан осындай 48 келісімге қол қойған. Алдағы жоспарларға сәйкес, біз қосымша 20 елмен дәл осындай инвестициялар үшін жағымды жағдай жасайтын келісімдерді әзірлеп жатырмыз. Бұл құжаттар мемлекеттер арасындағы қарым қатынасты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді», - деді Инвестициялар және даму вице-министрі Ж. Қасымбек.
Оның айтуынша, Македониямен тығыз инвестициялық қарым-қатынасты орнату үшін жасалған келісімнің күшіне енуі өзара инвестиция тарту үшін маңызды құқықтық негіз қалыптастырады.
«Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан мен Македония арасындағы тауар айналымы 2015 жылы 2 млн. долларды құрады, оның ішінде экспорт - 0,1 млн. доллар, импорт - 1,9 млн. доллар болып отыр. 2015 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда македониялық тарап қатысатын 8 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген», - деді Ж.Қасымбек.