Қазақстан инвестиция тартудың жаңа кезеңіне қадам басты

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту бағыттары өзгеріп, капитал табиғи ресурстардан бөлек, ішкі нарыққа шығу, өндірісті дамыту және өңірлік логистикалық тізбектерге қосылуға бағытталып келеді. Бұл туралы Қазақстан инвесторлары қауымдастығы мен Dasco Group әзірлеген «Қазақстан: инвестициялық бағдар. Тұрақсыздық кезеңіндегі сенімді бағыттар» атты талдамалық баяндамада айтылды. Зерттеу Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен шетелдік инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтиды. Баяндама Сыртқы істер министрлігінің, Halyk Bank пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен дайындалған.

Инвестиции
Фото: KAZAKH INVEST

Dasco Group басқарушы серіктесі Дармен Сәдуақасовтың сөзінше, Қазақстан қазір инвестициялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.

в
Фото: Қазақстан инвесторлар одағы

– Бүгінде Қазақстан жаңа инвестициялық циклге енуде. Құрылымдық реформалар жүзеге асырылып, даму институттары трансформацияланып, мемлекеттік ынталандыру тәсілдері өзгеріп жатыр. Мұндай жағдайда сенім факторы еліміздің негізгі бәсекелестік артықшылығына айналады. Біз тіпті ең сапалы реформалардың өзі инвесторларға түсінікті әрі кәсіби түрде жеткізілуі қажет деп санаймыз. Сондықтан біздің баяндама, ең алдымен, нарықпен сенімді коммуникация орнатудың құралы. Онда Қазақстан ұзақ мерзімді капитал үшін орныққан, түсінікті әрі болжамды юрисдикция ретінде көрсетіледі, – деді ол.

Зерттеу авторларының мәліметінше, халықаралық капиталдың бағыты мен инвестициялық шешім қабылдау өлшемдері өзгеріп келеді. Kearney FDI Confidence Index 2026 деректеріне сәйкес, халықаралық компаниялар басшыларының 88 пайызы алдағы үш жылда тікелей шетелдік инвестиция көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Инвесторлар үшін технология, геосаяси жағдай, жеткізу тізбектерінің сенімділігі мен іскерлік ортаның болжамдылығы маңызды факторларға айналған.

Қазақстанның инвестициялық әлеуеті кең экономикалық мүмкіндіктерге, қолайлы инвестициялық ахуалға және ірі нарықтарға қолжетімділікке негізделген. Елдің табиғи ресурстары, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы әлеуеті, адами капиталы мен географиялық орналасуы маңызды артықшылық саналады. Көлік дәліздері Қазақстанның Еуразиядағы және Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзиттік рөлін күшейтіп отыр. Бұл ретте ел арқылы халқы 1,6 миллиардтан асатын өңірлік нарықтарға шығуға мүмкіндік бар.

2025 жылы Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 23,5 триллион теңгеге жетіп, нақты өсім 16,7 пайызды құрады. Ел Орталық Азиядағы негізгі инвестициялық бағыт болып қала береді.

Баяндама авторлары мұнай-газ секторындағы ірі жобалардың кеңейту кезеңінің аяқталуын инвестициялық құрылымдағы басты өзгерістердің бірі ретінде атап өтті. Бұл салада инвестициялық басымдық жаңа қуаттарды ұлғайтудан қолданыстағы өндіріс пен инфрақұрылымды қолдауға ауысқан.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымында мұнай-газ секторының үлесі 2019 жылғы 38 пайыздан 2025 жылы 8 пайызға дейін төмендеген. Ал жалпы тікелей шетелдік инвестициялар ағынындағы үлесі 3 пайызды құраған.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі соңғы 14 жылда алғаш рет шикізат өндіру секторынан асып түсті. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібі 4,4 миллиард доллар (21 пайыз), ал тау-кен өнеркәсібі 3,4 миллиард доллар (17 пайыз) инвестиция тартқан.

Сауда саласының тікелей шетелдік инвестициялар құрылымындағы үлесі 2015 жылғы 10 пайыздан 2025 жылы 23 пайызға дейін өскен. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторының үлесі де соңғы он жылда нөлге жуық деңгейден 7 пайызға дейін көтеріліп, инвестиция көлемі 1,3 миллиард доллардан асқан.

Зерттеуде шетелдік инвестициялар төрт мақсат бойынша сараланған: табиғи ресурстарға қол жеткізу, жаңа нарықтарға шығу, өндіріс тиімділігін арттыру және стратегиялық активтерге қол жеткізу.

Ресурсқа бағдарланған инвестициялардың жалпы тікелей шетелдік инвестициялар құрылымындағы үлесі 2015 жылғы 59 пайыздан 2025 жылы 17 пайызға дейін төмендеген. Ал нарыққа шығу мақсатындағы инвестициялардың үлесі 61 пайызға жеткен. Бұл санатқа сауда, көлік, логистика және энергетика салалары кіреді.

Өндірістік жобаларға қызығушылық та артып келеді. 2025 жылы тиімділікке бағдарланған инвестициялардың тікелей шетелдік инвестициялар ағынындағы үлесі шамамен 22 пайызды құраған.

UNCTAD деректеріне сәйкес, 2021–2025 жылдары Қазақстан өңдеу өнеркәсібіндегі жарияланған қытайлық greenfield инвестицияларының көлемі бойынша Вьетнам, Мексика және Мысырдан озып, ең ірі алушы елге айналған.

Dasco Strategy директоры Александра Молчановскаяның айтуынша, зерттеу авторлары инвестиция көлемін ғана емес, инвесторлардың Қазақстанды таңдау себептерін де анықтауға тырысқан.

в
Фото: Қазақстан инвесторлар одағы

– Баяндамада біз Қазақстан қанша шетелдік инвестиция тартатыны туралы ғана емес, инвесторлардың неліктен дәл осы елді таңдайтыны туралы да сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Бүгінде шетелдік инвестициялардың 80 пайыздан астамы нарыққа шығуға және тиімділікті арттыруға бағытталған. Бұл – принципті өзгеріс. Инвесторлар Қазақстанға барған сайын нарық, өндіріс және өңірлік жеткізу тізбектеріне қосылу мүмкіндігі үшін келіп жатыр. Ендігі негізгі міндет – еліміздің іргелі артықшылықтарын нақты жобалар мен инвесторлармен ұзақ мерзімді әріптестікке айналдыру, – деді ол.

Сонымен қатар Зерттеуде мемлекеттік инвестициялардың экономикадағы рөліне де назар аударылған. 2021 жылдан бері мемлекеттік ұйымдардың негізгі капиталға салған инвестицияларының нақты көлемі үш есе өскен. 2025 жылы негізгі капиталға бағытталған әрбір бесінші теңге бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған.

Мемлекеттік инвестициялар негізінен базалық инфрақұрылымға, көлік, коммуналдық шаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау салаларына бағытталған. Мұндай жобалар бизнес шығындары мен тәуекелдерін азайтып, жеке капитал тартуға жағдай жасайды.
Инвестициялық белсенділік Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен оңтүстік өңірлерге шоғырланып келеді. Үш мегаполиске негізгі капиталға салынған инвестициялардың 25,2 пайызы тиесілі. Ал соңғы үш жылда Түркістан облысында инвестицияның нақты көлемі 115 пайызға өсіп, оның өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 35 пайызға жеткен.

Дармен Сәдуақасов жаңа инвестициялық модельдің мысалы ретінде Alatau City жобасын атады.

– Alatau City – Қазақстандағы жаңа инвестициялық модельдің ең айқын мысалдарының бірі. Мұнда капиталдың негізгі көзі – жеке инвесторлар, ал мемлекет инфрақұрылымды, икемді реттеу тетіктерін және институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қаланың ерекше құқықтық режимі Конституциялық заңмен бекітілген. Ал арнайы экономикалық аймақтың резиденттері оның аумағында корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығынан босатылады. Қазірдің өзінде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 32 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Оның 20-сы іске асырылып жатыр. Инвесторлар қатарында PepsiCo, United Hygiene және «Молочная долина» компаниялары бар. Бұл бүгінде капитал ұмтылып отырған шикізаттық емес экономикалық өсімнің нақты көрінісі, – деді ол.

Сондай-ақ Қазақстан инвесторлары қауымдастығының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов елдің инвестициялық саясаты жекелеген ірі жобалардан тұтас салалар мен өндірістік тізбектерді дамытуға қарай бет бұрып отырғанын атап өтті.

ц
Фото: Қазақстан инвесторлар одағы

– Қазақстан жаңа инвестициялық циклге қадам басып келеді. Біз жекелеген ірі жобалардан тұтас салалар мен өндірістік тізбектерді дамытуға көшіп жатырмыз. Бұл ретте мемлекет пен жеке бизнестің міндеттері нақты бөлінуі маңызды. Мемлекет инфрақұрылым мен ережелерді қалыптастырады, ал жеке бизнес өндіріс орындарын салып, өнімдерін нарыққа шығарады. Қазақстан капиталды қорғау және экономикалық саясаттың болжамдылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде бұл ұзақ мерзімді инвесторларды тартудағы басты дәлелдеріміздің біріне айналып отыр, – деді Рустам Жүрсінов.

Инвестициялық саясат тұжырымдамасында 2030 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің 24 пайызына дейін жеткізу және 2026–2030 жылдары кемінде 128 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту мақсаты белгіленген.

Баяндама авторларының бағалауынша, бұл міндеттерді жүзеге асыруда жеке капитал шешуші рөл атқарады. Инвестиция тиімділігі жаңа өндіріс орындары, жұмыс орындары, экспорт көлемі және жергілікті жеткізушілерден сатып алынатын өнім арқылы бағалануы қажет.

Зерттеу авторлары инвестициялық әлеуетті арттыру үшін инвесторлардың мақсаттарына бейімделген икемді қолдау шараларын енгізуді, сондай-ақ жаңа өндірістерге қажетті алаңдарды, инфрақұрылым мен білікті кадрларды алдын ала дайындауды ұсынады.

Бұған дейін Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін нарықтық институттарды нығайту қажет екенін жазғанбыз.