09:53, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан-иордан үкіметаралық комиссиясы отырысының күн тәртібі анықталды
АММАН. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сәрсенбаев сейсенбі күні Амманда Иорданияның Индустрия және сауда министрлігінің бас хатшысы Монтасер әл-Окламен болған кездесуде қаңтардың 28-30-ы аралығына жоспарланып отырған Экономикалық,

гуманитарлық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-иордан үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысына әзірлік барысын талқылады. Қазақстанның Иорданиядағы елшілігіне сілтеме жасап ҚазАқпараттың хабарлауынша, М.әл-Окла мырза қазақстандық дипломатқа Қазақстан жағы ұсынған отырыстың күн тәртібі мен үшінші мәжілістің хаттама жобасына иордан тарабының айтарлықтай ескертуі мен толықтыруы жоқ екенін жеткізді. Комиссияның тең төрағалары: Қазақстан жағынан ? ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Иордания жағынан - өнеркәсіп және сауда министрі Әмер әл-Хадиди. Отырыс барысында тараптар ауыл шаруашылығы, энергетика, кеден, спорт және туризм, білім және ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқыламақ.