Қазақстан Иорданияны жақын әрі бауырлас ел санайды - Нұрсұлтан Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Иорданияны жақын әрі бауырлас ел санайды. Бұл туралы бүгін  Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла ІІ бен әл-Хусеинмен өткен келіссөздерден кейінгі бірлескен баспасөз мәлімдемесі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Иорданияны жақын әрі бауырлас ел санайды - Нұрсұлтан Назарбаев

«Ең алдымен Иордания Королі Абдалла ІІ бен әл-Хусеинге менің шақыруымды қабыл алып,  Қазақстанға кезекті ресми сапарымен  келгені үшін  шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз Иорданияны Таяу Шығыстағы, жалпы Араб әлеміндегі маңызды рөлге ие болып отырған халықаралық қауымтастықтың белді мүшесі ретінде қарастырамыз. Келесі  жылдың ақпан айында екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Соның қарсаңында кездесіп отырғанымыздың мәні өте үлкен. Ширек ғасырда елдеріміз түрлі  саладағы байланыстарын дамытып, достық және сенім қарым-қатынасын орнатты. Бұл Король Абдолла екіншінің Қазақстанға деген ыстық ықыласының арқасында жүзеге асқан үлкен келісімдер деп атап өткім келеді», - деді Қазақстан Президенті.

Осы ретте Мемлекет басшысы Абдалла ІІ бен әл-Хусеиннің парасатты және көреген саясатының нәтижесінде Иордания қарулы қақтығыстар шыққан Таяу Шығыс өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздік оазисі мәртебесін иеленіп отырғанын баса айтты.

«Ал алдағы уақытта да мемлекетаралық қатынастардың барлық бағыттары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға келістік. Ең бастысы Қазақстан Иорданияны және оның халқын жақын әрі бауырлас ел деп санайды. Көптеген халықаралық, өңірлік мәселелер бойынша  біздің ұстанымдарымыз  бір болып келе жатыр», - деді Елбасы.