Қазақстан-Иран көлік әлеуетін бірлесе пайдалануы қажет - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-Иран көлік әлеуетін бірлесе пайдалануы қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қазақстан-Иран көлік әлеуетін бірлесе пайдалануы қажет - Елбасы

«Президент Рухани мырзамен бірге бүгін екіжақты қарым-қатынасты тереңдету үшін, дамыту үшін біз сол жолдарды талқыладық. Қазақ-иран диалогы аясында  қарым-қатынасымыз кеңейіп, жүйелі түрге түсіп келе жатыр. Басты мақсатымыз - екі халықтың достық қарым-қатынасын одан ары нығайту. Келіссөздер барысында сауда-экономика, инвестиция, әріптестікті нығайту жолдарына баса назар аудардық», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы келіссөздер барысында екі елдің  өзара іс-қимылында басымдығы бар бірнеше мәселе  қаралғанын атап өтті. Екі елдің арасындағы транзиттік көлік саласындағы зор әлеуетті бірлесе пайдалану қажеттігін ескерте кетті.

«Өздеріңіз білетін Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы өңірдегі тиімді көлік коммуникациясы болып  саналады. Тек қана Қазақстаннан Иранға емес, Парсы шығанағына шығып сол өңірдегі мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас жасауға мүмкіншілік береді. Бұл жерлерде,  Иран аумағында астық және контейнер терминалдарын бірлесіп салу қазір қолға алынып жатыр», - деді Назарбаев.