Қазақстан Иранға уран сатады деген мәліметті таратқан ақпарат құралының тағдырын сот шешуі тиіс - сенатор

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Еліміздің құзырлы органдары Қазақстан Иранға уран сатады деген жалған ақпарат таратқан ақпарат құралын сотқа беру жағын ойластыруы керек», деді сенатор Бауыржан Мұхамеджанов.
None
None

Бұл пікірін ол бүгін Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында білдірді.

Сенатордың пайымдауынша, аталмыш ақпаратты таратқан басылым Қазақстанға тек моральдық қана емес, саяси және экономикалық нұқсан келтірді. «Сөйте отырып ақпарат құралдары өкілдерінің өздері таратқан мәліметті қайдан алғандығын «құпия ұстауға құқымыз бар» деп жалтаруы жөнсіз. Қазақстан өзінің мүддесін қорғауы тиіс. Сондықтан еліміздің заң органдары бұл мәселені соттың қарауымен шешілетіндей жағдайға жеткізуі тиіс деген ойдамын», деді Б.Мұхамеджанов.

Отырыста сенатордың осы пікірін қолдайтындығын білдірген депутат Ғани Қасымов, «біз үшін бұл көңіл аударарлық жағдай. Біз ешқашанда қандай да бір шетелдік басылымды немесе ақпарат құралын сотқа берген емеспіз. Бұған немқұрайлы қарау - өзіңді әлем алдында масқара ету. Біз кез келген бейбастыққа көне бермейтіндігімізді көрсетуіміз керек. Аталмыш ақпараттың жалған екендігін халықаралық ұйымдар да мойындап отыр. Біз бұл жерде қандай да бір пайда табуды көздеп отырған жоқпыз. Осы мәліметті таратқан ақпарат құралы өзінің қателігін мойындап, кешірім сұрасын. Бұл өзгелерге үлгі болады. Әйтпесе мұндай әрекеттің алдағы уақытта да қайталанбайтындығына ешкім де кепіл бола алмайды», деді Ғ.Қасымов.

Соңғы жаңалықтар