Қазақстан ішкі нарықтың тек 8 пайызын ғана қантпен қамтып отыр - Атамекен ҰКП

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда Қазақстан ішкі нарықтың тек 8 пайызын ғана қантпен қамтып отыр. Мұндай деректі «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазіргі уақытта еліміз 12,3 гектар аумаққа қант қызылшасын егеді. Ол елдің тек 8 пайызын ғана қантпен қамтуға жетеді. Бүгінде әр гектардан 40 мың тонна қант алып отырымыз. Егер суармалы қант қызылшасы алқабын 104 мың гектарға ұлғайтса, онда ішкі нарықтың 80 пайызын толық қантпен қамту мүмкіндігі бар», - деп атап өтті Ербол Есенеев.

Ал, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Жигули Дайрабаев болса, Алматы мен Жамбылдағы қант зауыттары толық қуатында жұмыс істеп тұрмағанын айтты.

«Бізде республика бойынша қант өндіретін Алматы мен Жамбылдағы зауыттар. Олардың өздері толық қуаттылықпен жұмыс істеп тұрған жоқ. 12 айдың ішінде 2-3 ай жұмыс істейді де, тұрады. Ол жерде қаншама жұмыс күші бар. Олардың жанұялары бар. Егер дүкен сөрелеріндегі қанттың бағасы арзан болсын десек, біз оған дұрыс көңіл бөлуіміз керек. Бізде өндіретін өнім жетпейді. Қант қызылшасының егіс алқабын көбейту қажет. Осыған байланысты азаматтар да жұмыспен қамтылады. Өзіміздің отандық тұқымдарды егу қажет. Біз шетелден тұқым аламыз, жеңіл-желпі дүние жасаймыз деген – бос сөз», - деді Жигули Дайрабаев.

Бұдан бөлек, кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жүктеген тапсырмаларды талқылау барысында «Атамекен» ҰКП сарапшылары фермерлерге жеңілдікпен несие беру мәселесін көтерді. Елімізде 300 мыңнан астам фермер бар. Сарапшылардың айтуынша, оларға қажетті жағдай жасалып жатқан жоқ. Сондықтан, «Атамекен» ҰКП өкілдері шаруашылықтарға кәсібінің көлеміне байланысты несие беру қажет екенін атап өтті.

Еске салсақ, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады.


Соңғы жаңалықтар