Қазақстан ислам елдерінің нарығын ауыл шаруашылығы өнімдерімен толтырмақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда отандық кәсіпорындардың сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік беретін жол картасы дайындалып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз екі жол картасын әзірлеп, мемлекеттік органдармен келістік. Аталған карталар отандық бизнеске өзге елдердің нарықтарына шығып, аталған нарықтардан мол пайда алуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Ол - органикалық өндірісті дамыту жөніндегі жол картасы. Онда өзге де мемлекеттік органдармен бірге шешімін табуы тиіс мәселелерді көтеріп отырмыз. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге органикалық өнімдерді сертификаттау және акрредиттеу, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен «халал» өнімді сертификаттау мәселесін шешуіміз қажет. Осылайша, ислам елдеріне экспорт көлемін ұлғайту мақсатын қойып отырмыз», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, «халал» стандарты түрлі елдердің ерекшеліктерін ескеруі тиіс.
«Егер қазір біз өнімнің әрбір топтамасын «халал» стандартына сәйкес сертификаттамасақ бұл мүмкін емес. Бұған қоса, нарық ерекшелігін де ескеруіміз қажет. Себебі қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпорындардың басым бөлігінде малайзиялық «халал» стандартының сертификаты бар», - деді Г.Исаева.
Дегенмен, вице-министр сөзіне қарағанда, бұл стандарттардың кейбір елдерде айырмашылығы бар.
«Біріккен Араб Әмірліктері нарығының өз стандарттар талабы бар екендігін білеміз. Сол себепті бұл жол картасы барлық жайттарды ескереді. Ал жол картасын және оның аясында жоспарланған шараларды жүзеге асыру фермерлерімізге экспорт көлемін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді вице-министр.