Қазақстан IT-компаниялар үшін салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін ұзартады

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі еліміздегі технологиялық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді оңтайлы жағдайлар жасау аясында бірқатар жұмыстарды бастады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан IT-компаниялар үшін салықтық жеңілдіктерді 2045 жылға дейін ұзартады
Фото: pixabay.com

Экономиканы цифрлық трансформациялау стратегиясын жүзеге асыру аясында ведомство Astana Hub қатысушыларын қолдаудың 2028 жылдан кейінгі параметрлерін 2045 жылға дейін жоспарлап отыр.

— Бұл бастама Қазақстанның аймақтық IT-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін болжамды әрі бәсекеге қабілетті бизнес-ортаны құруға бағытталған. 2045 жылға дейінгі дамудың ұзақ мерзімді пайымы ЖИ саласындағы жаһандық трендтерді, экспорттық әлеуеттің ауқымын кеңейтуді және жоғары технологиялық инвестицияларды тарту қажеттілігін ескереді, — делінген хабарламада.

Атап өтер болсақ, Astana Hub цифрлық экономиканы дамытудағы тиімділігін дәлелдеді, сондықтан ведомствоның бүгінгі міндеті — қол жеткізілген қарқынды сақтай отырып, әрбір IT-компания үшін ондаған жылдарға жоспарлау мүмкіндігін қамтамасыз ететін, сапалы серпіліс жасау.

— Қазіргі таңда Astana Hub экожүйесі сенімді өсім көрсетуде: хабта 2 268 компания тіркелген, 35 мың жоғары білікті жұмыс орны құрылған, 438 млрд теңге инвестиция тартылған, ал қазақстандық IT-шешімдердің экспорт көлемі 1,9 млрд АҚШ долларын құрады, — деп хабарлады министрліктен.

Қазіргі уақытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі сарапшылар қауымдастығымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жұмыстар аясында қолданыстағы тетіктерді талдап, бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы басты назар инноваторлар үшін бірегей ортаны қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға және ЖИ саласындағы озық шешімдерді енгізуге аударылады.

Astana Hub-тың дамуына арналған ұзақ мерзімді стратегияны қалыптастыру — Қазақстанды әлемдегі технологиялық бизнес үшін ең тартымды юрисдикциялардың біріне айналдыруды көздейтін мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады.

Айта кетейік, мемлекеттік басқарудың жаңа цифрлық моделі енгізіледі.