Қазақстан Италияға құны 260 млн доллар өнім экспорттауға қауқарлы — министр

Арман Шаққалиев
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі

РИМ.KAZINFORM - Қазақстан мен Италия арасындағы сауда қарым-қатынасын кеңейтуді, «Made in Kazakhstan with Italy» бірыңғай тұжырымдамасын енгізуді талқылады. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Республикасына қаңтар айындағы сапарының қорытындысы бойынша келісімдерді іс жүзінде іске асыру аясында ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Италияда жасалған» кәсіпкерлік және өнім істері министрі Адольфо Урсо мырзамен Рим қаласында кездесті. Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан мен Италия арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың табысты тәжірибесі қалыптасты. 

Сонымен қатар, Арман Шаққалиев біздің елдеріміздің экономикалық саладағы әріптестікті одан әрі тереңдету үшін үлкен мүмкіндіктер барын айтты.

«Қазақстаннан Италияға өңделген өнім экспортының әлеуеті 260 млн доллардан асады. Органикалық тамақ өнiмiнiң айтарлықтай артықшылығы бар. Біздің болжауымызша, Италия нарығында сұранысқа ие тауарлардың бірі ол жылқы еті. Қазақстан органикалық салқындатылған жылқы етін, сондай-ақ уылдырық пен балдың экспорттық жеткізілімін ұсына алады», — деді кездесуде министр.

Жыл сайын Италия 140 млн доллардан астам сомаға жылқы етін импорттайтынын ескерсек, қазақстандық компаниялар итальяндық сатып алушыларға сапалы ет жеткізе алар еді.

2024 жылғы қаңтарда Қазақстан мен Италия мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген келісімдер аясында Арман Шаққалиев «Made in Kazakhstan with Italy» бірыңғай тұжырымдамасын құру және ілгерілету мәселесін пысықтауды ұсынды. Бұл сауда маркасын Италия мен Қазақстанның ШОБ бірлесіп шығарған тауарлар үшін пайдалануға болады.

«Ішкі өндірісті ынталандыру мақсатында біз қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол барлық мүдделі тараптарға қолжетімді болады және қазақстандық тауарлар туралы мәліметтердің жалғыз дереккөзіне айналады. Осы тізілімдегі тауарлар мемлекеттік қолдау алуға құқылы болады», — деді Қазақстанның сауда және интеграция министрі.

Кәсіпкерлік және өнім істері министрі Адольфо Урсо Made in Italy тұжырымдамасы бүгінде өнімді жаһандық сәйкестендіру, тұрақты тауар, «сапасы жақсы», «танымал» ұғымдарын қамтитын әлеуметтік тұрақтылық туралы екенін атап өтті. Ол бірыңғай бренд құру бастаманы қолдады. Министрдің пікірінше, өндіруші «Қазақстанда жасалған» белгісімен өнім шығару үшін, ол, бірінші кезекте, көптеген басқа брендтерден ерекшелену үшін өз өнімдерінің айырықша қасиетін атап өтуі керек.

Соңғы жаңалықтар