Қазақстан Израиль нарығына $360,7 млн көлемінде 70 түрлі тауар жеткізуге дайын
Қазақстан тарапынан үкіметаралық комиссияның (ҮАК) тең төрағалары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Израиль тарапынан – Израиль мемлекетінің Туризм министрі Йоэл Развозов болып табылады.
Отырысқа Комиссия мүшелері және екі елдің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергетика және су ресурстары, туризм және т.б. салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Отырыс барысында Бақыт Сұлтанов Израиль еліміздің маңызды сауда серіктестерінің бірі екенін, сондай-ақ Қазақстан екіжақты сауданы дамытуға және әртараптандыруға баса мән беретінін атап өтті. Биыл елдер дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде.
«Біздің есептеулеріміз бойынша болашақта қазақстандық компаниялар Израиль нарығына $360,7 млн көлемінде түрлі салалардың 70 өңделген тауарын, металлургия, тамақ, машина жасау, химия, сондай-ақ көлік құралдары мен құрылыс тауарын жеткізуге дайын», — деді Бақыт Сұлтанов.
Айта кетейік, Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымының көлемі 2022 жылғы қаңтар-наурызда $201,3 млн-ды құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 есе артты ($48,9 млн).
Сондай-ақ, израильдік ритейлерлер тарапынан қазақстандық тамақ өнімдеріне, атап айтқанда, кондитерлік өнімдерге деген қызығушылық артты. Сонымен қатар израильдік компаниялар импортталатын тауарлар желісін кеңейтуге дайын және қазір қазақстандық макарон өнімдері мен салқындатылған сусындарды ірі израильдік супермаркеттердің сөрелеріне жеткізуді ұйымдастыру мәселелері пысықталып жатыр.
Отырыс барысында Бақыт Сұлтанов израильдік инвесторларды «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағындағы бірлескен жобаларға белсенді инвестиция салуға шақырды. Бұл Израиль бизнесінің Еуразиялық экономикалық одақтың тұтыну нарықтарына қолжетімділігін жеңілдетеді.
«Қорғас» ШЫХО – бұл Қазақстан мен Қытай шекарасындағы бірегей трансшекаралық аймақ болып табылатын экономикалық, өндірістік, туристік және мәдени ынтымақтастық кешені. Осыған байланысты біз қайта өңдеу қуаттарын, өнеркәсіптік кооперацияны және жаһандық жеткізу тізбегін дамытуға баса назар аудара отырып, «Қорғас» ШЫХО-ның одан әрі қызмет ету тәсілдерін қайта қарайтынымызды атап өткім келеді. Біз Израильдің мемлекеттік құрылымдары мен бизнесіне осы аймақ шеңберіндегі ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі зерделеуді ұсынамыз», — деді вице-премьер.
Комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін тараптар оның қорытындыларына қанағаттанатындықтарын білдіріп, Комиссияның оныншы отырысын Иерусалимде өткізу туралы уағдаласты. Оныншы кездесуді өткізу күндері дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.
Фото: primeminister.kz