Қазақстан қақтығыс аймақтарынан оралғандарды оңалту мен қоғамға қайта бейімдеу тәжірибесін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) Астанадағы Бағдарламалар офисінің ұйымдастыруымен өткен қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту және қайта интеграциялау жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне арналған брифингте баяндама жасады.
ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Алексей Рогов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық адам құқықтары орталығының, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Брифинг барысында Ерлан Әлімбаев Қазақстанның 2019–2021 жылдары Сирия мен Ирактан азаматтарды қайтару бойынша жүзеге асырылған «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операцияларының тәжірибесімен бөлісті. Нәтижесінде елімізге барлығы 756 азамат, оның ішінде 191 әйел, 528 бала және 37 ер адам қайтарылды.
Қазақстандық дипломат оралған азаматтарды оңалту және қоғамға қайта бейімдеу бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың барысымен таныстырып, медициналық және психологиялық көмек көрсету, балалардың білім алуын қамтамасыз ету, отбасыларды әлеуметтік қолдау, сондай-ақ әрбір отбасыға жеке тәсіл қолданудың маңыздылығын атап өтті. 2026 жылы «Жайық Жұлдызы» қоғамдық қоры ұлттық серіктестермен бірлесіп, TurKIDstan және PathMakers Burabay бағдарламалар шеңберінде балалар мен жасөспірімдер үшін Түркістан облысы, Астана, Шымкент және Бурабай қалаларында мәдени-танымдық және білім беру іс-шараларын ұйымдастырды. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттыруға, достық қарым-қатынастар орнатуға және қоғамның бір бөлшегі екенін сезінуге септігін тигізді.
Ерлан Әлімбаев халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, «Орталық Азия + ЕҚЫҰ» форматында өңірлік жұмыс тобын құруды ұсынды. Аталған бастама ақпарат алмасуға, зардап шеккен азаматтарды ерте анықтау мен қорғауға, мамандарды бірлесіп даярлауға және трансшекаралық жағдайлар бойынша іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған.
Осылайша, Қазақстан ЕҚЫҰ-мен, Еуропа Кеңесімен және басқа да халықаралық әріптестермен адам саудасына, зорлық-зомбылық экстремизміне және трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ зардап шеккен азаматтарды қорғау салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Осыған дейін «Жусан» операциясы бойынша оралған 572 баланы оңалту тәжірибесі талқыланды.