Қазақстан қалаларында мемлекеттік туризм бағдарламасының жобасы таныстырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов алдағы аптада елімізде туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы таныстырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, бүгін Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қаралды.
«Өздеріңіз білесіздер, биыл Елбасы бізге үлкен тапсырма берді, яғни 2019 жылдың қаңтарына дейін мемлекеттік туризм бағдарламасын жүзеге асыру міндеті жүктелді. Біз қазіргі кезде аталған бағдарлама жобасына қатысты жұмыстарды аяқтауға жақындадық. Алдағы аптада Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау және Өскемен қалаларындағы туристік қауымдастыққа осы бағдарламаның таныстырылымы өтеді. Осы мемлекеттік бағдарламаны толықтай енгізуге әрі іске асыру үшін тиісті заң керек. Өкінішке қарай, бүгінде біздің заңымыз әлемдік стандарттарға сай емес. Осы орайда бүгін қажетті заң жобасының тұжырымдамасын ұсындық», - деп тоқталды Е. Қожағапанов.
Оның пайымынша, аталған заң жобасы биылдың соңына дейін қарастырылып, қабылданса, онда заңнама мемлекеттік бағдарламамен бірге келесі жылдан туризмді дамытуға өз ықпалын тигізеді.
«Бұл тұрғыда визалық және миграциялық жеңілдіктер қамтылады. Екіншіден, бізде «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бар. Осы компания туралы заңнамада ешқандай сөз жоқ. Біз жаңа заң жобасында аталған компания туралы бірқатар қадамдарды ескердік», - деді вице-министр.