Қазақстан қалдықтарды басқаруды цифрландырып, қайта өңдеуді күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM - «Жасыл даму» АҚ Қазақстанда қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру үстінде. Жаңа жүйе саланы басқаруды орталықтандыруды, процестерді цифрландыруды, қалдықтар нарығын дамытуды және қайта өңдеуді қолдау тетіктерін енгізуді көздейді, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Негізгі бағыттардың бірі – қалдықтарды басқарудың орталықтандырылған жүйесін құру. «Жасыл даму» АҚ-ға Қалдықтарды басқару ұлттық орталығы (ҚБҰО) мәртебесі берілді. Орталықтың міндеті – қалдықтар ағындарын үйлестіру, мемлекеттік органдар, өңірлер мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ саланың жұмыс істеуінің бірыңғай әрі ашық тетіктерін енгізу.
Жаңа жүйенің маңызды бағыттарының бірі – саланы цифрландыру. Қоғам қалдықтардың түзілуінен бастап қайта өңделуіне дейінгі барлық кезеңде олардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беретін цифрлық платформаны енгізу мәселесін пысықтап жатыр.
Платформа аясында қалдық түзушілердің цифрлық паспорттарын, қалдықтардың қозғалысын жоспарлау және мониторингтеу құралдарын, сондай-ақ қалдықтарды басқару инфрақұрылымы нысандарының бірыңғай дерекқорын біріктіру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қалдықтар нарығын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалдықтармен электрондық сауда жасау құралдарын енгізу және қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін бизнесті экономикалық ынталандыру тетіктерін дамыту көзделген.
Жұмыстың тағы бір бағыты – ауылдық жерлердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Қажетті инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ қалдықтарды шығаруды жоспарлау мен ұйымдастырудың заманауи тетіктерін қамтитын ҚТҚ-ны басқарудың цифрлық моделін енгізу жоспарланып отыр.
-Өнеркәсіптік қалдықтар саласында қайта өңдеуді қолдау құралдарын енгізу, отандық және халықаралық инвестицияларды тарту, сондай-ақ қалдықтар түзілетін жерлерде қайта өңдеу қуаттарын құру көзделген,-делінген хабарламада.
Еске салайық, 2025 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта алғаш рет қалдықтардың әртүрлі түрлерін басқарудың жүйелі тәсілдері айқындалып, айналмалы экономика қағидаттарына көшуге негіз қаланды.
Тұжырымдаманың негізгі міндеті – қалдықтарды тек кәдеге жарату нысаны ретінде емес, экономикалық айналымға қайта тартуға болатын ресурс ретінде қарастыратын кешенді әрі экономикалық тұрғыдан негізделген жүйе қалыптастыру.
Тұжырымдамада көзделген тәсілдерді іске асыра отырып, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесінің институционалдық, цифрлық және экономикалық негізін қалыптастыруда. Жүйені дамыту саланың ашықтығын арттыруға, қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және қалдықтарды экономикалық айналымға қайта тартуға бағытталған.
Осыған дейін Қазақстанда қауіпті қалдықтарды зерттеу мен бақылау күшейетіні туралы жаздық.