Қазақстан каналдарында су ысырабы екі есе қысқартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады. Сондай-ақ 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылып, 14,5 мың шақырым канал жөнделеді.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов баяндады.
Вице-министрдің айтуынша, 2024-2025 жылдары жалпы ұзындығы 1,4 мың шақырымнан асатын 190 канал қайта жаңғыртылған. Бұдан бөлек, 5 су қоймасы мен 8 гидротехникалық құрылыс жөндеуден өтті.
Ауыз сумен жабдықтау бағытында 945 мыңнан астам тұрғыны бар 321 елді мекенді қамтитын 22 нысанның реконструкциясы аяқталды.
— Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, 42 жаңа су қоймасын салу, 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау, 14,5 мың км каналды, оның ішінде 3,5 мың км каналды цифрландыру элементтерін енгізу арқылы жаңғырту, сондай-ақ 557 гидротехникалық құрылысжайды көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспарланып отыр, — деді Ж. Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қазір елімізде 4,6 мың шақырымнан астам каналда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде биыл 962 шақырым каналдағы жұмысты аяқтау көзделген. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.
— Стратегиялық мақсат — 2030 жылға қарай каналдардағы су ысырабын 50 пайыздан 25 пайызға дейін азайту, — деді вице-министр.
Айта кетейік, Қытайда Қазақстанның 23 су саласының маманы оқып жатыр.