Қазақстан қараша айына дейін терроризмді қаржыландыруға қатысты кемшіліктерді түзетуі керек - А. Теңгебаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұсаукесері болып өтті.

Қазақстан қараша айына дейін терроризмді қаржыландыруға  қатысты кемшіліктерді түзетуі керек - А. Теңгебаев

Аталған құжаттың негізгі мақсаты қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жою, Қазақстан ратификациялаған халықаралық конвенциялардың ережелерін іске асыру, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Қарарларын іске асыру тетігін жасау, және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру болып табылады. Бұдан бөлек, заң жобасы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың 14-ші жалпы отырысында қабылданған Қазақстан Республикасын өзара бағалау туралы есептегі ескертулерді іске асыру мақсатында да әзірленді.

«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың 14-ші жалпы отырысы былтыр 17-20 маусым аралығында өткен болатын. Осының нәтижесінде ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының ұсынымдары бойынша Қазақстанның елеулі кемшіліктерді жоюда алға жылжығаны аталып өтілді. Бұл салада ұлттық заңнамадағы жұмыстарды жалғастыру ұсынылды. Атап айтқанда, Қазақстан 2015 жылдың қараша айына дейін сәйкес емес, ішінара сәйкестіктері бар барлық ұсынымдарға қатысты кемшіліктерді түзету бойынша елеулі шаралар қабылдауымыз керек», - деді Қаржы вице-министр Ардақ Теңгебаев.

Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау арқылы Қазақстан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мақсатында қаржы мониторингі субъектілерінің тізбесін кеңейтуге, терроризмді қаржыландыруды болдырмау мақсатында терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалар мен ұйымдардың активтеріне тыйым салу тетігін белгілеуге, тоқтатыла тұрған (тыйым салынған) қаражаттың терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбелеріне енгізілген тұлғалардың негізгі тыныс-тіршілік мұқтаждары үшін қажетті бөлігіне қол жеткізуге рұқсат беру тетігін белгілеуге ықпал етеді.