Қазақстан Қарулы күштері халықаралық киберсайыста үздік үштікке енді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада KazHackStan 2026 халықаралық конференциясы аясында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және басқа да мемлекеттердің командалары қатысқан CyberKumbez халықаралық киберсайысы өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті.
Сайысқа Қазақстан Қарулы күштерінің атынан Бас штабтың Киберқауіпсіздік орталығының командасы қатысты.
Практикалық кезеңдер заманауи қаланың инфрақұрылымын, соның ішінде аса маңызды инфрақұрылым нысандарын, банк және өнеркәсіп секторларын, әскери нысандар мен басқа да ақпараттық жүйелерді құрайтын арнайы киберполигонында өткізілді.
Қатысушылар кибершабуылдарды анықтау және талдау, осал тұстарды саралау, ақпараттық жүйелерді қорғау және олардың штаттық жұмысын қалпына келтіру бойынша тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ кибероқиғаларға қарсы жедел әрекет етуге және өзгермелі киберорта жағдайында ақпараттық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының Киберқауіпсіздік орталығының командасы үшінші орынға ие болып, халықаралық жарыстың жүлдегерлері қатарынан көрінді.
KazHackStan 2026-ға қатысу әскери қызметшілерге шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, киберқауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда алғашқы әскери-инженерлік чемпионат өткен болатын.