Қазақстан Қарулы Күштері жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің жоспары бойынша әскери басқару органдары мен Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлері кенеттен тексеру форматында жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді.
Оқу дабылының белгісі бойынша ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің, өңірлік қолбасшылық әскерлерінің, әскер тектері мен түрлерінің барлық жеке құрамы көтерілді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қарулы Күштер топтамасын жалпы басшылыққа алу Стратегиялық басқару орталығынан ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақовпен жүзеге асырылды.
Бас штабтың пәрмені бойынша Құрлық әскерлерінің топтамасы оқу-жаттығу орталықтары мен полигондарда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кірісті. Бұл ретте 3 000 бірліктен астам қару-жарақ пен әскери техника тартылды.
Әуе қорғанысы күштерінің құрамынан әуеге жауынгерлік кезекшілікті атқаратын күштер мен құралдар көтерілді, әртүрлі типтегі авиациялық техниканы іске қосу жүзеге асырылды, пайдалануға қосалқы әуеайлақтар дайындалды.
Корабльге қарсы, әуе шабуылына қарсы және суастыға қарсы диверсиялық қорғаныс бойынша оқу тапсырмаларын пысықтау үшін теңізге Әскери-теңіз күштерінің корабльдері шығарылды.
Өткізілетін сабақтардың басты мақсаты белгіленген мерзімде қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындауда басқару органдары мен жеке құрамның іс-қимылдарының үйлесуін арттыру болып табылады.