Қазақстан Қарулы Күштерінде алғашқы спорт кеңесі құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық әскери қызметшілердің дене даярлығын әрі қарай жетілдіру және спортты дамыту мақсатында Қазақстан Қарулы Күштерінде спорт кеңесі құрылды.

 Қазақстан Қарулы Күштерінде алғашқы спорт кеңесі құрылды

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Кеңес төрағасы - ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Ерлан Таласбаев, ал оның құрамына әскер түрлері мен тектерінде, өңірлік қолбасшылықтарда дене даярлығы және спорт үшін жауапты әскери қызметшілер, Қазақстандағы әскери оқу орындарының дене даярлығы кафедраларының өкілдері енді.

Құрылған спорт кеңесі әскери қызметшілер мен олардың отбасылары, әскерге шақыртылуға дейінгі жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын және армия спортшыларының жетістіктерін белсенді насихаттауға септігін тигізеді. Сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері ауқымында жарыстарды және спортқа қатысты іс-шараларды, ҚР ҚК құрама командасына спортшыларды іріктеу жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу тәртібін қадағалайды. Кеңес әскер түрлері, тектері, өңірлік қолбасшылықтар, әскери бөлімдер мен мекемелердің қолбасшылығымен өзара іс-қимыл аясында дене даярлығы мен бұқаралық спорт жұмыстары іс-шараларын тиімді ұйымдастыру туралы ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отыр.

Ең маңызды мәселелерді спорт кеңесі кемінде жылына екі рет өтетін отырыстарда талқылайтын болады.