Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай шығарылған мектеп оқушылары шығармалары жинағының таныстырылымы өтті

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Бәйтерек» медиа-орталығында Қазақстанның Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай «Қазақстан әскері, патриотизм» атты мектеп оқушылары шығармалары жинағының таныстырылымы өтті.

Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай  шығарылған мектеп оқушылары шығармалары жинағының таныстырылымы өтті

Ұйымдастырушылардың мәліметтерінше, аталмыш жинақты шығару үшін 2011-2012 жылдары мектеп оқушылары арасында Отан қорғау, патриотизм тақырыбында шығармалар мен фотосуреттердің республикалық байқауы ұйымдастырылған. Осы байқаудың нәтижесінде «Қазақстан әскері, патриотизм» атты шығармалар жинағы жарық көрді.

 Қазақстандық мектеп оқушыларының үздік шығармаларының жинағы Астана қалалық Ішкі істер басқармасының тапсырысымен дайындалған және аталмыш кітапқа еліміздің 16 өңіріндегі оқушылардың үздік еңбектері енген. Шығармалар байқауына Астана мен Алматы және Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы жастарының ерекше  үлес қосқандығын айта кету керек. Аталмыш жинаққа барлығы қазақ және орыс тілдерінде 591 оқушыдан шығармалар мен фотосуреттер жіберілген.

 «Мен үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен оны қастерлей білудің үлгісі Ұлы Отан соғысында жауларымен аямай күрескен ата-бабаларымыздың ерліктері»,-дейді Астанадағы №53 мектептің 7-ші сынып оқушысы Абсамат Абылайханов.

 Ал жинаққа шығармалары енген өзге оқушылар отансүйгіштік пен патриотизмнің үлгісі олардың жауынгер әкелері мен туыстары екендігін айтады. Жалпы алғанда жинаққа енген шығармаларды оқи отырып, оқушылардың Қазақстанның Қарулы Күштерінің қалай қалыптасқандығынан айтарлықтай хабардар екендігін байқауға болады.

 Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы осымен үшінші мектеп оқушыларының жинағын шығарып отыр. 2010 жылы «Астана мен Президент» атты жинақ жарық көрген болатын. Ал 2011 жылы «Жеңіс, жады, патриотизм. Жеңімпаздардың немерелері соғыс туралы» атты кітап шықты.