Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлерін қорытынды тексерудің бірінші кезеңі аяқталды (ФОТО)

ҚР ҚК Бас штабына қарасты Жауынгерлік даярлық департаменті бұл кезеңде ұдайы даярлық бөлімдерінің тексерілгенін атап өтті. Бірінші кезекте негізгі оқыту пәндері бойынша әскери қызметшілердің дербес даярлығы бағаланды. Содан кейін жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау барысында бөлімшелердің жинақылығы тексерілді, атап айтсақ, олар - дабыл бойынша қауырт көтерілу, мақсатты аудандарға шығу, практикалық атысты орындау, тактикалық оқу-жаттығуларын, сондай-ақ жауынгерлік мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету іс-шараларын жүргізу. Бірінші кезеңнен кейін әдеттегідей екінші кезең басталады. Қарашаның 23-і күні қорытынды тексеру ҚР ҚК қалған әскери бөлімдерінде өтетін болады. Қорытынды тексерулер - жауынгерлік даярлықты нығайту барысында армияның жылдық нәтижелерін, табыстарын соңғы рет бағалау болып табылады. Бұл ауқымды іс-шара жыл сайын Қарулы Күштерді толық қамтып, оған қатардағы жауынгерден генералға дейінгі қазақстандық армия жеке құрамының 100 % қатысады. 2015 жылы қорытынды тексеру 16 қараша күні басталды. Осы айдың соңына дейін әскери қызметшілер кәсіби тұрғыда білуге міндетті атыс даярлығы, әскери көліктерді жүргізу, дене даярлығы, мемлекеттік-құқықтық және басқа да даярлық түрлерінен және командирлік даярлықтан нормативтер тапсырды. Нәтижелері бойынша үздік құралым, үздік әскери бөлімдер және үлгілі әскери қызметші анықталатын болады. Қорытынды тексерулердің нәтижелері елімізде Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін жетілдіру үшін алдағы бағыттарды айқындап, әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік береді.